Қызылордада имам Антикор қызметкеріне пара бергені үшін жұмысынан қуылды
Қызылордада «Ыбырай молда» мешітінің имамы Антикор қызметкеріне пара бергені үшін жұмысынан қуылды. Бұл ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы растады.
Діни басқарманың мәліметінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкері Әбілқайыров имамға оны деструктивті діни ағым өкілдерімен байланысы бар және олардан ақша алғаны үшін тексеру жүргізілмек деп хабарлаған. Күдік туғызған нәрсе – имамның екі әйелмен бірге тұруы және олардың өмір сүруіне қажетті қаражаттың қайдан келетіндігі белгісіз болуы еді. Тексеруден құтылу үшін Әбілқайыров 2 миллион теңге талап еткен.
Имам Талғат Нұрман радикалдармен ешқандай байланысы жоқ екенін айтқанымен, тергеуден қорқып, банктен 1 миллион теңге несие алып, ақшаны берген. Алайда кейіннен имам құқық қорғау органдарына арыз жазып, жағдайды баяндаған. Осыдан кейін Әбілқайыров ақшаны қайтарып берген.
Шын мәнінде, Әбілқайыровқа имамның қызметі немесе жеке өміріне қатысты ешқандай тексеру жүргізу туралы тапсырма берілмеген.
Алаяқтық жасағаны үшін Әбілқайыровқа 20 миллион теңге айыппұл салынды. Имамды пара беру әрекетінде кінәлі деп таныса да, ол құқық қорғау органдарына өз еркімен хабарласып, кінәсін мойындағандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанайдың бас имамы мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.