Суицид пен зорлық-зомбылық – Динара Закиева Түркістан облысындағы жантүршігерлік жағдайларды айтып өтті
Түркістан облысында балалардың құқықтарының бұзылуы бойынша бірнеше ауыр фактілер анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева өзінің Facebook парақшасында жариялады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәліметінше, Келес ауданында 13 жастағы қыз бала зорлық-зомбылық нәтижесінде жүкті болып қалған.
«Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жасында бала босанған қыз жыл басынан бері мектепке бармай отыр. Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған және жағдайды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген», – дейді Динара Зәкиева.
Закиева жағдайды шешу үшін балалар құқығын қорғау органдарын күшейтуді, отбасын қолдау орталықтарын құруды және интернаттарда тәуелсіз тексеріс жүргізуді ұсынды. Сарыағаш ауданында бір ғана қызметкер 58 мың балаға жауапты екенін, бұл олардың құқықтарын қорғауға жеткіліксіз екенін атап өтті.
Сонымен қатар Төле би ауданындағы мектепте төрт оқушы үйде ұрып-соғылатындығын айтса, Сайрам ауданында қыз суицид жасауға тырысқан.
Интернаттарда санитарлық жағдайдың төмендігі, балалардың тойып тамақтанбауы, психологиялық көмек көрсетілмеуі сынды мәселелер анықталды. Закиеваның айтуынша, Түркістан облысындағы мектептерде оқушылар даладағы әжетханаға барады.
«Мектеп пен интернатта балалар тек даладағы әжетханаға барады. Ал олардың жай-күйі адам шошырлық. Мектеп ішіндегі дәретхананың кілті директорда, балалардың айтуынша, оны тек директордың рұқсатымен ғана пайдалануға болады. Әрине, бұл проблема сумен, кәрізбен байланысты екені түсінікті, бірақ жағдайды жасырмай, сол қалпы ашық көрсетіп, проблеманың неге шешілмей жатқанын ашық айту керек», – дейді Зәкиева.
Закиева көтерген мәселелер бойынша аймақ әкімшілігі жұмыс бастады, ал тексеріс нәтижелері хаттамаға енгізіліп, орындалуы бақылауға алынатынын айтты.
Еске сала кетейік, соңғы кездері жасөспірімдер арасында суицид жағдайлары көбейіп кетті. Бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған.