Жаңалықтар

Абай облысы әкімдігінің 2022-2023 жылдары жинақталған қарызы 70 млрд теңгеге жуықтаған – Жоғары аудиторлық палата

Абай облысы
Абай облысы әкімдігі 2022-2023 жылдары 69 млрд теңгеге бағалы қағаздар шығарып, олар бойынша міндеттемелерін толық орындамаған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Абай облысы әкімдігінің 2022-2023 жылдары жинақталған қарызы 69 млрд теңгені құраған. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Палата Абай облысында мемлекеттік борышты, сондай-ақ жекелеген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын басқару тиімділігіне аудит жүргізген. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар борышының көлемі соңғы 5 жылда 2,5 есе өскенін анықтаған.

«Жергілікті жерлерде борышты бақылау және басқару жүйесінде айтарлықтай жүйелі проблемалар мен кемшіліктер бар. Мәселен, Абай облысында 2022-2023 жылдары жинақталған борыш көлемі 69 млрд теңгеден асып түсті. Оның ішінде биыл 30 сәуірдегі жағдай бойынша 16 млрд теңгеден астамы өтелген», – делінген хабарламада.

Жалпы өңірдің кредиттеу бағыттарының құрылымында құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы бағдарламалардың үлесі басым екен.

Жоғары аудиторлық палата өңірде 20,7 млрд теңгеден астам соманы қамтитын 12 объектіге аудит жүргізген. Аудит барысында өңірдің 6 квазимемлекеттік сектор субъектісінің 224 млн теңгеден астам сомаға қарыздардың сыйақы сомасын және негізгі борышын уақтылы өтемегені анықталған. Ал 3 аудит объектісі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу кезінде 711 млн теңгеден астам сомаға бухгалтерлік заңнаманы бұзған.

Өңірлік деңгейде борышты басқару процесін Абай облысының қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп жүзеге асырған. Бірақ мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмі өңірдің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін сапалы және уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтіні белгілі болған. Адиторлық қорытындыға сәйкес, бірде-бір мемлекеттік орган борыш бойынша стратегияның тиімділігіне және оның өңірдің қаржылық жағдайына тигізетін әсеріне тұрақты талдау жүргізбейді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік борыштың бюджетке, экономикалық өсуге және басқа көрсеткіштерге әсері бағаланбайды.

Әкімдіктер тек қаражаттың игерілуіне басымдық береді. Ал оның нәтижесіне, экономикалық тиімділігіне мүлде мән берілмейді.

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, аудит жүргізілген 12 нысаннан 1,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған.

«Бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану 6,1 млн теңгені, тиімсіз жоспарлау 143,3 млн теңгені құрады. Рәсімдік сипаттағы 21 бұзушылық анықталды. Ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда 20,6 млн теңгені құрады. Аудит объектілеріне тиісті ұсынымдар беріліп, бұзушылықтарды жою үшін ұйғарымдар шығарылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата Үкіметтің 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын сынға алған болатын. Жалпы мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына жақындап, аудиторлардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Ал 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны барлық бюджет шығысының 10%-нан аспауы тиіс.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата төрғасы Әлихан Смайылов ҚДБ-ға аудит жүргізіліп, мекеменің 25,9 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, 15,8 млн теңгенің пайдасын «жіберіп алғанын» хабарлады. Жоғары аудиторлық пала мәліметінше, дайын өнімдер, жеңіл және дәрі-дәрмек шығару өнеркәсібі секілді бағыттарға банк тарапынан мүлде қолдау көрсетілмеген.