Маңғыстау облысында тағы бір әскери өзіне қол салған

Жарияланды
суицид
Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметкер өзіне қол салған /Фото: freepik, бильд-редактор: Денис Андреев

Маңғыстау облысында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкер өзіне қол салған. Бұл жайлы Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі хабарлаған.

«Осы жылдың 28 қыркүйегінде 1985 жылы туған, келісімшарт бойынша Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қызмет ететін әскери қызметшінің мәйіті тұрғылықты жеріндегі пәтерден табылды. Әскери қызметкер бір жылға жуық бала күтіміне байланысты демалыста болған», – деп хабарлаған баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, келісімшарт бойынша әскери қызметкер тұрмыстық кикілжің салдарынан өзіне қол жұмсаған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатқаны хабарланған. Сонымен бірге аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған.

Өкінішке қарай, бұл әскерилер арасында бірінші қайғылы оқиға емес. Осы қыркүйек айында бұған дейін 4 жағдай тіркелді. 3 адам қайтыс болып, бір адам ауыр жарақат алған. Ал 3 жыл ішінде 273 адам қайтыс болған.

Еске сала кетсек, 17 қыркүйекте Арыста әскери қызметкердің басына оқ тиіп, ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Алдын-ала мәлімет бойынша ол өзіне қол жұмсамақ болған.  

20 қыркүйек күні таңертең Аягөзде әскери қызметкердің өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Офицер Қызылордадан осы әскери бөлімге жақында ғана келген. Қайғылы оқиға жұмыстан тыс уақытта болғаны айтылады.

22 қыркүйек күні Алматыда ҰҚК Шекара академиясының курсанты көпқабатты үйден секіріп мерт болды. Ол курсанттың жасы небары 19-да болған.

Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерилер арасында лудомандар көп. Осы орайда өзіне қол салғандардың дені құмар ойынға еліткені себепті суицидке баратыны айтылады.

Сондай-ақ оқыңыз