Мектеп оқушылары арасындағы суицидке не себеп – ІІМ жауабы
Ішкі істер министрлігі биыл 43 суицидке жетелейтін интернет ресурсты анықтаған. Бұл жайлы ІІМ реми өкілі Шыңғыс Әлекешов айтты. Министрлік өкілі кәмелетке толмағандар арасындағы суицидке көп жағдайда қандай жағдайлардың әсер ететіні туралы да айтты
Министрлік өкілінің мәліметінше, құзырлы орган интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимылды тұрақты әрі белсенді жүргізеді. Әлекешов бұл шаралардың ішінде заңсыз контентті, оның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында суицидті насихаттаумен байланысты ресурстарды анықтауға және оларды бұғаттауға баса назар аударылатынын жеткізді.
«Жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде, суицидтік белгілері бар 43 интернет ресурс анықталды. Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға яғни Мәдениет және ақапарат министрлігіне жіберілді»,- деді департамент басшысы.
Сонымен бірге Әлекешев, соңғы уақытта мессенджерлерде тараған қауіпті ойындар туралы ақпаратқа қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді. Десе де, онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттер насихатталатынын айтады.
Бқл орайда министрлік кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады. Ата-аналар, балалардың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын қатаң бақылауда ұстауы керек. Олармен ашық әңгімелесіп, қызығушылықтары жайлы да біліп жүргені абзал. Министрлік өкілі балаларға уақыт бөліп, барынша қолдау көрсету арқылы жамандықтың бетін қайтаруға болатынын айтыды.
«Балалардың көңіл-күйіндегі мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік ортасындағы өзгерістерге назар аудару керек. Жәй ғана жылулық пен қамқорлық қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Оларға интернеттегі қауіпсіздік шараларын үйретіңіз. Балалар ондай қауіп туған кезде, сол жайлы айтудан қорықпауы керек»,- дейді Әлекешов.
Министрлік мәліметінше, суицид жасау және соған әрекеттенудің 14 жағдайында кәмелетке толмағандар мас күйде болған. Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірімнің есіртікілік масаң күйде болғаны анықталған. Жалпы, статисткиалық талдауларға сәйкес, суицид жасауға негізінен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер барады екен. Яғни олардың психо-эмоционалдық жағдайына өтпелі кезеңде жүргені де айтарлықтай әсер етеді.
«Әрбір суцид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелегене себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіледі. Жалпы, суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады»,- дейді ІІМ өкілі.
Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептер анықталып, зерделенген. Олар келесідей:
- жалғыздық сезімі;
- қиын материалдық жағдай;
- ата-аналарымен немесе туыстарымен болған жанжал;
- оқу барысындағы ұрыс-керіс;
- ата-анасының ажырасуы;
- жақын адамының қайтыс болуы;
- қандай да бір қателік үшін жазаланудан қорқу және тағы да басқа себептер.
Еске сала кетейік, бұған дейін 16 қыркүйек күні Алматыда екі оқушы терезеден құлап кетті. Олардың суицид жасағаны болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше олардың телефондарынан суицидке үгіттейтін ойындар табылмаған.