Жаңалықтар

АЭС салуға қатысты үш сауалнаманың нәтижесі жарияланды

Өзбекстанда
Респонденттердің басым бөлігі – 72,9%-ы атом электр станциясын салу идеясын қолдаған / Фото: kursiv.media мұрағаты

Қоғамға сауал салу нәтижесі бойынша, АЭС салуды қолдайтындардың қарасы көбейген. Сауалнаманы 2024 жылдың 13-26 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша «Демократия институты» жүргізген. Қолданылған тәсіл – телефон шалу.

Оған 18 жастан асқан 1 200 адам қатысқан. Сауалнамаға 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент шаһарларының тұрғындары жауап берген.

«Демократия институтының» дерегінше, жалпы респонденттердің басым бөлігі – 72,9%-ы атом электр станциясын салу идеясын қолдаған. «Қазақстанда АЭС салу идеясына көзқарасыңыз қандай?» деген сауалға қарсы емес екенін жеткізіпті.

Бұрынғыларымен салыстырғанда, бұл – АЭС салуды қолдаған ең жоғары көрсеткіш. Бірінші сауалнама қорытындыларымен салыстырғанда, қолдаушылардың үлесі 19,8%-ға артқан. Екіншісімен салыстырғанда, 12,7%-ға өскен.

«Атом электр станциясын қолдаушылардың саны сайлау күніне қарай одан әрі артуы мүмкін деген болжам жасауға болады», – делінген хабарламада.

АЭС салуды қолдамайтын респонденттер – 22,3% болса, 4,8% адам байламды көзқарас білдірмеген.  

Сауалнама нәтижесіне қарағанда, сұралғандардың 62%-ы референдумға қатысатынын айтқан.

Мәселен, «Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) салу мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетін болады. Сіз референдумға қатысуға дайынсыз ба?» деген сұраққа сұралғандардың 46,3%-ы дауыс беретінін, 15,7%-ы тырысатынын жеткізген.

«Осыған дейінгі сауалнама қорытындыларымен салыстырғанда, дауыс беруге ниетті респонденттердің үлесі 59%-дан 62%-ға дейін өсті. Респонденттердің 19,3%-ы референдумға қатысуды көздемейді, 18,7%-ы әлі шешім қабылдамаған», – делінген хабарламада.

Сауалнама жүргізушілердің мәліметінше, статистикалық қателік 2,5%-дан аспайды.

Мұның алдында Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігі «Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталып кетті» деген ақпаратты терістеген еді.