Бұл АЭС құрылысы емес – Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігі әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды
Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігі «Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталып кетті» деген ақпаратты терістеді.
«Алматы облысы Үлкен ауылында әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде атом электр стансасы құрылысының басталғаны туралы жалған ақпарат тарап жатыр», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің айтуынша, Google Maps онлайн-қызметі арқылы таралған бейнематериалдарда көрсетілген нысандар АЭС деп жаңсақ қабылданған. Бұл шындыққа сәйкес келмейді екен.
Әкімдіктің мәліметінше, бейнежазбадағы нысандар – Балқаш жылу электр стансасы жобасын жүзеге асыру барысында салынған инфрақұрылымдар. Бұл жоба бойынша көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансасын салу қарастырылыпты. Оның шеңберінде, жұмысшылардың жатын жерлерін қоса алғанда, ілеспе инфрақұрылымдардың құрылысы да қолға алынған.
Алайда 2014 жылы жоба қаржыландырылмай қалған соң, Балқаш ЖЭС-інің құрылысы да тоқтаған.
Әкімдік онлайн-сервистің картографиялық мәліметтерін түзеу және жалған ақпараттың әрі қарай таралмауы үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хат жолдапты.
Мұның алдында АЭС салынуы мүмкін Балқаш көлінде судың қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан үкіметі Қытаймен келіссөздер жүргізгенін жазған болатынбыз.