Жаңалықтар

«Алтыналмастың» еншілес серіктестігі «Қазақалтын» 2025 жылы Ақмола облысындағы Жолымбет кенішін игере бастамақ

Үйінділерде тәулік бойы бұрғылау, экскавациялау және тасымалдау жұмыстары тоқтамайды / Фото: kursiv.media мұрағаты

«Қазақалтын» ЖШС 2015 жылдан бастап Жолымбет кенішінен алтын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа Жолымбеттен «солтүстік», «орталық» және «оңтүстік» деп аталатын үш карьер бөлінген. Оңтүстік Жолымбет алтын кеніші «Жолымбет» тау-кен байыту комбинатынан 3 шақырым жерде орналасқан. Алтын кені «Қазақалтын Тechnology» ЖШС-ның алтын шығаратын фабрикасында өңделмек. Жобалау тапсырмасында жылына 500 мың тонна кен өндіреді деп көрсетілген.

Жоспар бойынша, алтын кені ашық тәсілмен өндірілмек. Мекеме жыл бойы, күндіз-түні, 12 сағаттан, екі ауысыммен жұмыс істейді. Үйінділерде тәулік бойы бұрғылау, экскавациялау және тасымалдау жұмыстары тоқтамайды. Жарылыстар тек қана күндізгі уақытта атқарылады.

Айта кететін жайт, Жолымбет аймағында алтын өндіру бұрыннан атқарылып келген. 1934-1999 жылдары Оңтүстік Жолымбетте жер астынан алтын өндірілген.

«Қазақалтын» ЖШС құрылтайшысы – «Алтыналмас» акционерлік қоғамы. Негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60%, Владимир Жұманбаев – 20% (2022 жылы 22 пайыз), Дияр Қанашев – 10,5%, Игорь Ветиул – 6,5%. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарабы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd компаниясы.

«Алтыналмастың» тазартылған алтынын Ұлттық Банк сатып алады. Оның «Қазақалтыннан» басқа тағы да 12 еншілесі ұйымдары бар. Олар: «AAEngineering Group» ЖШС, «Ақбақай тау-металлургия комбинаты» АҚ, «Ақбақай Голд Ресорсес» АҚ, «Ақсу Technology», «Ақтоғай Мыс», «Алтыналмас Реагентс», «Алтыналмас Technology», «Алтын алмас» Сауда үйі, «Асыл Ресорсес», «Қазақалтын Сервис», «Степногорск қонақ үйі», «Қазақалтын Technology» ЖШС.

Активтері негізінен Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан. 26 кен орнында кен өндіруге келісімшарты бар.

Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металл өндіру зауытында өңделеді.

Мұның алдында «Алтыналмастың» Жамбылдағы кен орнында тау жынысы құлап, бір жұмысшының үйінді астында қалғанын жазғанбыз.