Биыл сауда саласындағы жеке кәсіпкерлерге қолдау ретінде бюджеттен 4 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекет кәсіпкерлерге екі жолмен қолдау көрсетпек. Атап айтқанда, біріншісі – пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, екіншісі – несие кепілдігін беру арқылы.
Бұл қаражат сауда нарығын жаңарту, сауда нысандарын салу және қайта жөндеу, «есік алдындағы» дүкен ашуға және бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеуге бөлінеді. Алайда Астана, Алматы, Шымкент қаласындағы жобалар мен сауда-ойын сауық орталықтары бағдарламаға кірмейді.
Бағын сынап көргісі келген кәсіпкерлер кредит алу үшін банкке немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарласуы керек. Кредиттік өтінімі мақұлданса, мемлекет сыйақы мөлшерлемесінің 10,75%-ын субсидиялайды. Ал қалған айырмашылығын борышкердің өзі өтейді.
Кредиттік ең жоғары көлемі облыс орталығында тұратын кәсіпкерлер үшін – 3 млрд теңге, ал шағын қалаларда, ауылдық жерлерде – 1,5 млрд теңге.
Субсидия мерзімі де шектеулі. Мәселен, инвестициялық мақсатқа 5 жыл, қаржы айналымы үшін 3 жыл беріледі.
Шағын қалалар мен ауыл кәсіпкерлері үшін мемлекет көмегі шектеусіз беріледі. Егер кредит рәсімдеу үшін кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі болмаса, «Даму» қорына хабарласып, қарыз мерзімдерінің барлық кезеңіне кепілдік ала алады.
Айталық, қолданыстағы субъектілер кредиттің 50%-на, ал кәсібін жаңа бастағандарға, яғни тіркелгеніне 3 жыл толмағандарға кредиттің 85%-на дейін кепілдік берілуі ықтимал.
Әрине, алмақтың да салмағы бар. Мемлекеттік көмекке қол жеткізгендерге бір ғана талап қойылады. Олардың сөрелеріндегі азық-түліктің 50%-ы отандық өнім болуы тиіс.
Айдар Әбілдабековтің пікірінше, ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау – экономикалық белсенділіктің өсуіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ сауда инфрақұрылымын дамытуға оң әсер етпек.
Мұның алдында Алматы облысы бойынша агроөнеркәсіп саласындағы субсидияны жымқыруға қатысты алты дерек тіркелгені, жалпы алғанда 653 млн теңге талан-таражға түскені жайлы жазғанбыз.