Тоқаев: Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» конференциясына еліміздегі саяси реформаның негізгі өзегін атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең басты жаңалық – Президент мандатын бір мерзіммен шектеу.
«Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса, Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер», – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп үстемдік құрған елде ғана реформаларды іске асыруға, экономикаға инвестиция тартуға жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, Президент реформаларды жүзеге асыру қаншалықты қиын болғанымен, көздеген мақсатымыздан жарты жолда бұрылмайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл үдерісті ешкім тоқтата алмайды. Қазақстан бағытынан жаңылмайды.
Сондай-ақ Тоқаев қазіргі геосаяси тұрақсыздыққа «бұрын-соңды» болмаған деп баға беріп, дипломатияның шешуші рөлге ие болғанын қадап айтты.