Lifestyle

“Орда” тобының шығармашылық кеші, мәнерлеп сырғанау сайысы, Жайдарман және театр – осы апта қандай іс-шаралар өтеді?

«Орда» тобының шығармашылық кеші, осы аптада тағы қандай қызықты кештер болады? / архив kursiv.media

Күздің қарбалас күндеріне түрлі ән-би кештері, әзіл-сықақ шоулары ерекше көрік берері анық. Алдағы апта сондай түрлі қызықты іс-шараға толы болғалы тұр.  Kursiv.kz осы аптада елімізідң әр өңірінде өтетін ерекше іс-шаралар тізімін әзірледі.

«Тойы көп үй» қойылымы – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры

2 қазан, Алматы

Театр ұжымдары жазғы демалыстан оралып, көрерменмен қауышып жатқаны анық. Сағындырған сахна қойылымдарын көруге асық театр сүйер қауымның театр кестесін жиі ақтарып отыратыны да белгілі. Тіпті көп қойылымның билеті сайтқа жүктелер-жүктелмес сатылып кетіп, аншлаг болып жатыр. Алайда сіз әлі де кейбір қойылымға билет алып үлгере аласыз. Мысалы, 2 қазан күні, сәрсенбіде Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ұжымы «Тойы көп үй» қойылымын сахналайды. Режиссері – Мұрат Ақманов.

Бұл шығармада қозғалған отбасыда болатын түрлі мәселе, мұң мен ащы күлкі аралас сахналар көрерменді ойландырмай қоймайды. Жұбайлық өмір, ата-анаға құрмет, жастардың қарым-қатынасы, перзент сүю мәселесі, бәрі-бәрі – қоғамда жиі кездесетін жайт.

Баста бар қиындықтар мен кейбір келеңсіз сәттерден қалай шығуға болады? Осы секілді сұрақтарға жауап іздейтін бұл сахналық туынды көрермен көңілінен шығары сөзсіз. Өйткені астарында өмір шындығы жатыр. Шынайы өмірден алынған шым-шытырық оқиғаға толы шығарма көрермен үшін қашан да қызықты.

Өтетін орны: Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Абылай хан даңғылы, 38. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан ала аласыз.

Жайдарман ұлттық лигасы ойындары. ½ финал

2 қазан, Астана

Ал Астана тұрғындары бұл күні жас әзілкештердің өнерін тамашалап, күлкіге қарық болып, ми тынықтырып қайта алады. Себебі 2 қазан күні маусымның кіл мықтылары сайысқа түсіп, Жайдарман ойындарының озық үлгісін көрсетпек. Қазір командалар қызу дайындық үстінде. 

Кеш Астанадағы Республика, 34 мекенжайы бойынша орналасқан Жастар сарайы ғимаратында өтеді.

Ұйымдастырушылар телетүсірілім болғандықтан, көрермендердің кешікпей келуін сұрайды. 

Әзіл кеші сағат 18:00-де басталады.

Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымда.

Қанат Әлжапбаров пен Қайрат Әділгерейдің әзіл кеші 

3 қазан, Семей қаласы

Алдағы апта әзіл әлемінің белді тұлғалары Қанат Әлжапбаров және Қайрат Әділгерей Семей жұртшылығын қуанту үшін концерттік бағдарламасын ұсынбақ. Бұл кеште көремен артистердің әзілін тыңдап, өнерін тамашалап қоймай, оларды жаңа қырынан да тани түседі.

20 жылдан аса уақыттан бері көрермен көңілінен шыққан түрлі сериалдар мен фильмдерді қазақша дыбыстап жүрген Қайрт Әділгерей мен қағытпа қалжыңымен, әйгілі «Автоматымен» жұрттың ыстық ықыласына бөленген Қанат Әлжаппаровтың кешінен кім болса да, қалып қойғысы келмейтіні түсінікті. 

Ұйымдастырушылар әдетте әзілге толы монолог айтып сахнаға шығатын бұл жұлдыздар Семейде өтетін кеште сахналық қойылым көрсетіп те, халықты қуантуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Кештен қапы қалмаңыз.

Әзіл-сықақ кеші 3 қазан күні Абай атындағы музыкалық-драма театрында өтеді. Басталуы: 18:30

Билеттер Ticketon.kz сайтында.

ORDА тобының шығармашылық кеші

4 қазан, Шымкент қаласы

Тарихы сонау 2000-шы жылдардан бастау алатын «Орда» тобы жылдар өтсе де, тыңдарманының көңілінен кеткен емес. Бұл топтың әнін түрлі буын өкілі жатқа біледі, караоке залында ең жиі шырқалатын әндер тізімін де «Орда» тобының әндері бастап тұрады. Жасы да, кәрісі топтың әнін естісе қосыла шырқап, ырғағына ілесіп, тербеле жөнеледі. Заманының жаңалығы болған топ әлі күнге ел аузында. 

Топ құрылған күннен-ақ көрермен ықыласына бөленді. Әуелде Бауыржан шоу әзіл-сықақ театры сахнасына шыққан ағайынды Оразбековтер мен ағайынды Беделхандар уақыт өте «Орда» болып, сол кездегі топ чарттарда алдына жан салмады. 

Алғашқы жылдары шыққан «Қилы Заман» әні «платина» дәрежесін иеленіп, 50 апта бойы «Европа Плюс КЗ» радиосының ротациясында 1-ші орында болды. 

Топтың концерттерін, сахнаға шыққанын қазір де тыңдарман асыға күтеді. Жиі концерт бермесе де, жұлдыздар залды жылдам жинайды. Сол үшін де Шымкентте болатын концертке билет алып үлгеруге асығуға кеңес береміз.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Denis Ten Memorial Challenge 2024 

5 қазан, Астана

Алдағы аптада Астанада мәнерлеп сырғанау өнерін сүйетін көрермен үшін де керемет шара өтпек. Denis Ten Memorial Challenge 2024 гала-шоуы көрермендерді мұз бетіндегі бірегей қойылымды тамашалауға қуана шақырады.

Бағдарламада Анастасия Губанова, Ча Чжун Хван, Грейси Голд сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздар, сонымен қатар турнирдің жеңімпаздары өнер көрсетеді.

Үздік мәнерлеп сырғанаушылардың сезімдері мен шеберлігіне толы ұмытылмас кешке келіп, эстетикалық ләззат алып қайту мүмкіндігінен қалыс қалмаңыз.

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Қазан айының алғашқы аптасы қызықты шараға толы болмақ. Ticketon.kz сайтына кіріп, өз өңіріңіз бен қызығушылығыңызға қарай өзге де қызық іс-шараларға билет сатып ала аласыз.