Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автокөлік өткізу пункттері 1-3 қазан күндері жабық болады
Қазақстан мен Қытай арасындағы автокөлік өткізу пункттерінде үш күн қозғалыс шектеледі. Пойыздар штаттық режимде жұмыс істейді. Шекарадағы көлік қозғалысының уақытша тоқтауына басты себеп – Қытай Халық Республикасында мерекенің кең көлемде тойлануы. Биыл алып республиканың құрылғанына 75 жыл толып отыр.
«Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуіне байланысты 2024 жылғы 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пункттерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктердің өтуі жүзеге асырылмайды.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штатты режимде жұмысын жалғастырады», – деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.
Осыған байланысты жолаушылар бағыт-бағдарды ерте ескеруге тиіс.
«Тасымалдаушылардан және шекарадан өтуге ниет білдіргендердің барлығынан енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз маршрутын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген комитет хабарламасында.
Биыл Қытай Халық Республикасының 1949 жылы құрылғанына 75 жыл толады. Мереке 1 қазанда тойланады, оны атап өту жеті күнге созылады. «Алтын апта» деп аталатын бұл күндер Қытайда демалыс күндері болып саналады.
Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік иммиграциялық департаменті 1-6 қазан күндері ірі әуежай терминалдарында, құрлық порттарында адамдардың көп шоғырлануы мүмкін екенін хабарлаған. Осы себепті департамент бақылау-өткізу пункттерінің қызметтеріне адамдардың қозғалысы мен порттардың жұмыс істеуін бақылауды күшейтуді тапсырды. Туристер ағынын реттеу үшін қызметкерлер саны мен қосымша тексеру орындарын көбейту қарастырылуда. Қытай халқы мерекеге орай 1-7 қазан күндері демалады.
10 маусымда да екі елге тиесілі автомобиль өткізу пункттері жұмыс істеген жоқ. Сол күні Қытайда «Айдаһар мерекесі» (Дуан-У Джо) атап өтілді.