Қытайлық компания BYD 100 мыңға жуық электр көлігін қайтарып алады

Жарияланды 30 Қыркүйек 2024 20:52

(жаңартылды 3 Қазан 2024 16:55)
Нұртай Текебаев

Нұртай Текебаев

Тілші
Коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Автоөндіруші BYD Қытайдағы 96,7 мыңдай Dolphin және Yuan Plus көлігін 2024 жылдың 30 қыркүйегінен кейін қайтарып алады. CarNewsChina.com жазғанындай, 2023 жылдың 4 ақпаны мен 26 желтоқсаны аралығында шығарылған 87 мыңнан астам Dolphin мен Yuan Plus электромобильдері кері қайтарылуға жатады. Сонымен қатар 2022 жылдың 2 қарашасынан 2023 жылдың 19 маусымына дейін құрастырылған 9 мыңға жуық Yuan Plus электромобильдерінен де ақау шыққан.

Компания рөл бағанындағы электркүшейткішті бақылайтын құрылғының өндірістік процесіндегі ақауларға байланысты осындай қадамға барып отыр. Құрылғының қақпағы жабылған кезде, ол контроллер тақтасындағы конденсаторларға кедергі жасап, осы элементтерде кішкене жарықтар пайда болады. Көлікті пайдалану кезінде жарықтар кеңейіп, қысқа тұйықталуға, қызып кетуге, тіпті өртенуге әкелуі мүмкін.

BYD дилерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін электер тоғын реттейтін құрылғыларға оқшаулағыш төсемдерді тегін орнатуы керек. Зардап шеккен көліктердің иелеріне WeChat арқылы немесе телефон арқылы хабар берілуде. Дереккөз атап өткендей, қытайлық компания үшін кері қайтарып алу сирек болды және бұл BYD тарихындағы ең үлкен оқиға. Dolphin және Yuan Plus – BYD ең танымал көліктерінің бірі. Екі модель де сыртқы нарыққа экспортталады.

BYD тамызда 370 854 көлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Бұл ретте гибрид көліктердің сатылымы 48%-ға, ал электромобильдер сатылымы 12%-ға өсті.

Қазақстанға әлемдегі ең танымал Қытай көлік бренді BYD ресми түрде 2024 жылдың күзінде әкелінеді деп жоспарланған. Astana Motors компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов мамыр айында берген сұхбатында осылай айтқан еді. Алайда бұл мерзім жыл соңына дейін шегерілген.

Сондай-ақ оқыңыз