Компаниялар биржаға қалай келеді немесе IPO-ға дейінгі ұзақ жол

Жарияланды
IPO деген не? /Фото: elements.envato.com

IPO жыл өткен сайын танымал болып жатыр. Ол компанияларға да, инвесторларға да тиімді. Өйткені компаниялар дамуға инвестиция тартатын болса, инвесторлар акциялар құны өскеннен табыс табады. Олай болса, IPO туралы білуіңіз керек басты мәліметтерді тізіп шығайық.

IPO деген не?

IPO (initial public offering) — акцияларды кез келген адам ала алатындай етіп алғаш рет жария саудаға шығару. Яғни компания биржаға акцияларын салады да, қалаған адамның оны сатып алуына рұқсат береді. IPO кезінде компания акциялар бағасына белгілі бір диапазон қойып қояды да, сол шекті сақтап сатады. IPO-дан кейін нарық қатысушылары құнды қағаздарды емін-еркін сатып алып, сата алады. Сондықтан олардың бағасы өсуі де, түсіп кетуі де мүмкін. Ал баға не нәрсеге байланысты? Баға акцияларға сұраныс пен ұсынысқа қарай қойылады. Сұраныс пен ұсынысқа бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде компания жайлы жазылған жаңалықтар да бар. Егер компания акциялары жарияланғаннан кейін қымбаттаса, онда инвесторлар IPO-дан пайда таба алады.

Биржаға акцияларды орналастыру оңай шаруа емес. Өйткені IPO процедурасы қатаң қадағаланады. Биржаға шығу үшін компания біршама құнды қағазды тіркеуі керек. Әрі әр биржаның листинг жасағысы келетін компанияларға қоятын талаптары да сан түрлі. Соның ішіндегі ең маңызды талаптың бірі — жариялық. Компания немен айналысатыны туралы ашық айтуы керек. Яғни тоқсан сайын, жыл сайын есептерін жариялап, бухгалтерлік есеп жүргізіп, ашық көрсетіп отыруы шарт.

Компаниялар неге IPO-ға шыққысы келеді?

Мұндағы басты мақсат — бизнесті әрмен қарай дамыту үшін капитал тарту. Қаржы тарта алса, компания жаңа нарықтарға шығып, саладағы өзгерістерге оңай бейімделіп, басқа бизнестермен бірлесіп қызмет ете алады. Одан қала берді, IPO-ға шыққан компания танымал бола түседі. Бренд танылады, менеджерлер мен фаундердің функциялары бөлінеді, жұмыс беруші ретінде компанияның имиджі жақсарады. Кей бизнес иелері кәсіптен шығып кету үшін, яғни өзіндегі акция үлестерін сатып кету үшін IPO өткізеді.

Жалпы алғанда IPO-ға шыққан соң, меншік иелері де, жетекшілер де акцияларды әрмен қарай бақылауда ұстай береді. Себебі көбіне компаниялар биржаға жалпы капиталдың шамалы бөлігін ғана шығарады. Ал негізгі акциялар пакеті иелердің меншігінде қала береді. Көбіне IPO-ға салынатын акциялар пакетінің орташа үлесі жалпы көлемнің 20-27%-ы болады деседі. Әрине, әр салада жағдай әртүрлі. Мысалы, бөлшек сауда саласында орта есеппен 10-39%-ын жарияласа, фармацевтикада 10-50%-ы салынады деген статистика бар.  

IPO қандай кезеңдерден тұрады?

Биржаға шығу қым-қиғаш процестерден тұрады

Ұзақ уақыт алады. Кейде дайындықтың өзіне бірнеше жыл кетуі мүмкін. «Шыққым келеді» деп бірден бас салып орналастыра алмайсыз. Биржаға орналасу процесіне компания мен биржа, банк, андеррайтерлер қатысады. Олай болса, негізгі кезеңдерді сипаттайық. 

Ең қиыны әрі ұзағы — дайындық кезеңі. Бұл кезде компания активтеріне анализ жасап, бағалайды. Сонымен бірге ұжымдық басқару мен бизнеске де анализ жасау керек. Одан қала берді аудиторлар, биржалар мен реттеушілердің қойған талаптарына сәйкес компания қызметі мен көрсеткішін реттейді. Кейде осы процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Анализ жасап болғаннан кейін компания акцияларды биржаға шығару деген негізгі кезеңге көшеді. Бұл тірлік те өте күрделі екенін атап өту керек. Мұнымен андеррейтер немесе келісім ұйымдастырушысы айналысады. Көбіне андеррайтер рөлінде инвестициялық банк қызмет қылады. Дайындық процестерін тәмамдап, қанша акция, қандай бастапқы бағада шығатынын анықтайды. Биржаны таңдап, акцияларды әрмен қарай қалай сату керегін ұйымдастыратын да — сол. Осы негізгі кезеңде әлеуетті инвесторларға арналған презентациялық кездесулер немесе Road Show өтеді. Келісімшарттағы шарттарға қарай андеррайтер компаниядан нарыққа ұсынылатын барлық акциялар пакетін толық орналастырамын деген міндеттеме ала отырып сатып алуы мүмкін. Болмаса, бар күшін салып, қанша акция орналастыра алса, сонша орналастыратын болып келіседі. Бұл опциялардың бағасы да әр түрлі болады.

Инвесторға үшінші кезең өте қызық. Өйткені осы кезде акция сатып алуға алғашқы өтінімдер жинала бастайды. Былайша айтқанда, алғашқы нарық қалыптаса бастайтын кезең. Бұл кездің бір ерекшелігі — өтінімдер жиналып жатқан уақытта акциялар әлі биржаға орналастырылмайды. Бірақ мұндай келісімдер жасауға рұқсаты бар ірі инвестициялық компаниялар акцияларды сол кезде-ақ сатып алып, клиенттері арасында тарата алады. Бастапқы бағамен акциялар сатып алу үшін бөлшек инвестор брокерге өтінім тастайды. Сөйтіп сол жерде қанша акция сатып алғысы келетінін көрсетеді. Бірақ мұндай келісім кезінде сатылатын акция шектеулі болатынын инвестор білуге тиіс. Сондықтан өтінім жіберілген соң аллокация жасалады. Аллокация деген не? Ол инвесторға IPO-ға қатысуға жіберген өтінімін қанша пайызға мақұлданынын көрсетеді. Жаңа компанияның акцияларын сатып алғысы келетін әр қатысушының өтінімін толықтай қанағаттандыру мүмкін емес десе болады. Осылайша аллокация кезінде өтінім жіберген инвесторлар арасында құнды қағаздар бөлінеді. IPO-ға неғұрлым көп инвестор қатысса, олардың әрқайсысының аллокация пайызы төмендеу болады.     

Айталық, инвестор 10 000 сомаға әрқайсысы 20 доллар болатын 500 акция алғысы келіп өтінім тастады делік. Нәтижесінде брокер 2000 доллар сомаға 100 акция береді. Демек мұндайда аллокация пайызы — 20 болды деген сөз. Одан қала берді ұсыныстың шектеулі, сұраныстың жоғары болуы акция сатыла бастаған кезде бағасын өсіріп жіберуі мүмкін.

Ең маңызды кезең — листиң. Компания акциялары биржаға қойылған, сөйтіп ертесіне сауда басталады. Қобалжытып, толқытатын кезең дейтініміз сондықтан. IPO қатысушылары бұған дейін акциялар сатып алып қойғандықтан, сауда басталған кезде құнды қағаздарды басқа инвесторлар да сатып алуға рұқсат алады. Былайша айтқанда, бастапқы инвесторларға біршама уақыт lock-up period қойылады. Бұл дегеніміз сатып алған акцияларын сатуға уақытша тыйым салынады. Локап-кезең туралы аз-кем айта кетейік. Бұл — шектеу қойылатын арнайы мерзім. Осы уақыт аяқталмайынша бастапқы инвесторлар акцияларын IPO кезінде алған сатып жібере алмайды. Көбіне lock-up period үш не алты айдай уақытқа созылады. Бұлай жасалуының себебі: ірі акционерлер, компания инсайдерлері нарыққа ірі акциялар пакетін салып қойып, сұраныстан гөрі ұсыныстың салмағын арттырып жібермеуі үшін осындай шара қолданылады.          

IPO-ға шыққан қазақстандық компаниялар

Қазақстандық компаниялар ішінде алғаш болып Лондон қор биржасына (LSE) 2005 жылы «Қазақмыс» (қазіргі KAZ Minerals), KazakhGold (қазіргі Polyus Gold International) және Max Petroleum шыққан. Одан кейін 2006 жылы сол биржада «Шалқия Цинк» акциялары сатыла бастады. Осы кезде ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» Лондон және Қазақстан қор биржаларына орналаса бастады. Бірақ 2018 жылы қор нарығынан шығып кетті. 2007 жылы LSE-ге Eurasian Natural Resources Corporation акциялары орналастырылды. Дағдарыс кезінің өзінде құнды қағаздары қымбаттағанымен, 2010 жылы компания басына бұлт үйіріліп, дауға қалды. 2023 жылы Лондон соты тергеу ісі заңсыз жүргізілді деп тапты. Десе де, ол кезде құнды қағаздар құны әжептәуір түсіп кеткен еді. Компания делистиңі де дауға толы болды. Еркін айналымда жүрген акциялар иелері бағаның тым төмен болғанына наразы екенін білдірді. 2008 жылғы әлемдік кризис кезінде биржаға шығуға өнеркәсіп саласында жаңа қатысушылар белсене қоймады. Он жылдан кейін ғана, 2018 жылы Лондон қор биржасына Kazatomprom шықты.

2006 жылы Qazkom («Казкоммерцбанк» ) мен Halyk Bank («Халық банк») IPO өткізді. Екеуі де Лондон және Қазақстан қор нарығына қатар шықты. 2017 жылы акционерлер LSE-де делистиң өткізуге келісті, 2018 жылы екеуі біріккенде Qazkom банк лицензиясын өз еркімен өткізді. Halyk Bank болса, шарықтай түсті. Қазақстандықтан банктердің ішінде 2007 жылы құнды қағазы нарыққа шыққандардың тағы бірі —  «Альянс Банк» (2015 жылы ForteBank құрамына кірді). Кірген күннен-ақ бағасы түсіп, 2010 жылы банк өтінішімен делистиң жасалды.

Отандық компаниялар ішінде ең мықты көрсеткішке ие болғаны —  Kaspi.kz. Лондон биржасына 2020 жылы шықты. Сәтті шыққанының бір дәлелі — иелері Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзенің компаниядағы үлестерін ескергенде долларлық миллиардер еткені. Қазақстандық компаниялар ішінде биыл ғана IPO-ға қосылғаны — Air Astana. Акция сатқаннан түскен табысты әуе компаниясы дамуға жұмсамақ.         

Сондай-ақ оқыңыз