Жаңалықтар

Аралды құтқару қорына мемлекеттен бір тиын ақша түспеген — Су ресурстар вице-министрі

Аралды құтқару қорына халықаралық ұйымдар қаржылай көмектеседі / Фото: архив kursiv.media 

Аралды құтқару қорына мемлекеттен бір тиын ақша түспеген. Қорды қаржыландыру тек халықаралық ұйымдар тарапынан жүзеге асады. Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз осылай деп мәлімдеді. Ал министр Нұржан Нұржігітов бүгінде Аралдың жай-күйі жақсарып келе жатқанын айтады.

Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Солтүстік Аралдағы су деңгейі көтеріле бастағанын атап өтті.  

«Халықаралық  Арал құтқару қоры бар. Онда екі  комиссия жұмыс істейді. Біз бірінші сақтау кезеңін аяқтадық.  Көк Арал платинасы соғылды. Бүгінгі күні 22 млрд текше метр су бар. Екі жылдың  ішінде 18 млрд-тfн 22 млрд-қа көтердік»,  – деді министр су секторын дамыту жөніндегі серіктестер Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында.

Министр Каспий теңізін зерттеу институты құрылғанын да мәлім етті. Институт теңіздің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін зерттейді.  

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Аралды құтқару қорын қаржыландыру мәселесін ашып айтты. Сөзінше, бүгінде мемлекет Арал құтқару қорына ақша бөлмейді.

«Арал қорына кезінде бір тиын ақша түспеген. Өйткені бұрын қор құрылған уақытта әр мемлекет  0,1 немесе 1 процентін Арал қорына бөлу керек деген жоспар қойған жоқ. Десе де әр мемлекет өз тарапынан жұмыстар жүргізді. Ол тек су жағынан ғана емес, әлеуметтік, экономика мәселесі жағынан, яғни мектеп салу, ауызсу тарту сияқты шаруалармен шұғылданған болатын. Қазір мемлекеттен Аралды құтқару қорына ақша бөлінбейді»,  – деді вице-министр Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысының кулуарында.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, Аралды құтқару қорына халықаралық ұйымдар көмектеседі. Сондай-ақ Болат Бекнияз елдегі көлдер мен теңіздердің мәселесін жеке-жеке қарастыру қажеттігін айтады.

«Арал, Балқаш, Каспий мұхитқа барып қосылмайтындықтан, климаттың өзгеруіне өте қатты әсер береді. Сол себепті әрқайсысына қатысты ұйым болуы керек. Ол үкіметтік емес ұйым болуы мүмкін немесе ғылыми зерттеу сияқты. Каспий теңізіне қатысты ғылыми зерттеу инстутуты ашылды. Ол жерде қолға алынатын бірнеше бағыттағы жұмыстар бар»,  – деді Болат Бекнияз.

Мақала жарияланған соң, тиісті министрліктің баспасөз қызметі вице-министрдің деректерді шатастырғанын хабарлады.

«Ол негізінен бұрын қаражат бөлінбегенін айтқысы келген, қазір қаражат бөлінеді», деп жазды баспасөз хатшысы.

Еске салайық, биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.

Биыл, 6 шілдеде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерін бірігіп шешуге шақырған болатын.Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керектігін атап өткен еді.

Айта кетейік, АЭС салынуы мүмкін Балқаш көлінде судың қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан үкіметі Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр. Келісімнің мақсаты – Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету.