Қазақстан Үкіметі екі жыл ішінде 115 базарды жаңғыртпақшы. Сауда нысандарын жаңарту неліктен кәсіпкерлер есебінен жүргізіледі?
Екі жылдың ішінде Қазақстанда 115 базар жаңғыртылуы тиіс. Әзірге бұл жұмыс 16 базарда ғана жүріп жатыр. ҚР СИМ Сауда комитеті 2025 жылы бірден 99 сауда нысандарын жаңартуға уәде беріп отыр.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің мәлімдеуінше, келер жылы жаңғыртудан өтуі тиіс базарладың барлығында жаңғырту шаралары аяқталуы тиіс. Үкіметтің аталмыш міндеті арнайы жол картасының бұйрығында да бекітілген.
«Жол картасына сай жаңғыртылуға жататын жалпы республикада 115 базар бар. Оның 16-сы биыл аяқталуы керек. Келесі жылы 99-ы бойынша жұмыстарды аяқтау қажет. 16-ның алтуы Алматы қаласында, үшеуі Шымкентте және тағы да басқа аймақтарда», –деді комитет төрағасы ОКҚ брифингінде.
Спикердің сөзінше, базар иелері сауда нысанын қалпына келтіру үшін «Даму» қорынан жеңілдетілген несие ала алуына болатынын мәлім етті. Мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің 10,75 %-ын субсидиялайды. Қалған соманы, яғни банктің үстемақысын кәсіпкер өзі төлеуі тиіс. Алайда бұл мемлекеттік қолдау шаралары Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы кәсіпкерлерге қатысты емес.
Еске салсақ, өткен жылы Алматының «Кенжехан» базарының саудагерлері қала әкімі Ерболат Досаевқа базар қожайындарына қатысты шағым айтқан еді. Базар жұмысшылары «Кенжехан» базарының қожайындары базарды модернизациялау үшін саудагерлерден қаржы жинап жатқанын айтты. Саудагерлердің айтуынша базар иелері әр нүктеден 5 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Халық базар басшыларының бұл шешіміне наразы, себебі базарды қайта жабдықтау бастапқыда саудагерлер емес, қожайындардың есебінен жүзеге асырылады деп сендірген.