Қор нарығына шолу: Пауэлл сигналы, Қытай экономикасындағы ахуал, Уолл-стрит бағаның өзгеруін күтіп отыр
ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл АҚШ экономикасының жағдайына қатысты нарық үшін оң сигналдар берді. Алайда Уолл-стритте жақын арада болатын түзету туралы бұлыңғыр болжамдар қайтадан бой көрсетеді бастады. Сонымен қатар Қытайдағы қыркүйек айының нәтижелері бойынша өндірістік белсенділік қалпына келмеді.Бұл тұтынушылық сектор мен қаржы нарығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге бағытталған жаңа шаралардың тиімділігіне күмән келтіріп отыр. Осы және өзге де тақырыптар туралы 30 қыркүйекке арналған әлемдік шолудан оқыңыз.
ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл АҚШ еңбек нарығы тарапынан тәуекелдерді көрмейді
Джером Пауэлл 30 қыркүйек, дүйсенбі күні Нэшвиллдегі Ұлттық бизнес экономикасы қауымдастығының іс-шаралары аясында сөз сөйледі. Ол АҚШ экономикасының жағдайы жақсы екенін және еңбек нарығына алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. ФРЖ экономиканы қолдауға және рецессияның алдын алуға бар күшін салмақшы. «Жалпы экономика жақсы күйде, біз оны осы деңгейде ұстау үшін барлық құралымызды пайдалануға ниеттіміз», – деді ол.
Пауэлл инфляцияның төмендеуі «кең ауқымды» болғанын атап өтті. Бағалар баяу өсіп, мақсатты 2%-ға жақындайды. Бұл еңбек нарығының «салқындауынсыз» жүзеге асуы мүмкін.
Пауэлл еңбек нарығының бұрынғыдай күшті емес екенін мойындағанымен, оны әлі де «тұрақты» деп сипаттады. Жұмыстан босату үлесі аз және жұмыссыздық деңгейі толық жұмысбастылыққа тән қалыпты шектерде екенін атап өтті. Сонымен қатар 25-тен 54 жасқа дейінгі экономикалық белсенді халықтың үлесі тарихи максимумға жақындады.
Ол егер экономика ФРЖ болжағандай дамыса, реттеуші уақыт өте келе пайыздық мөлшерлемелерді «бейтарап позицияға» дейін төмендететінін де айтты. Бірақ асығудың қажеті жоқ екенін сұрақ-жауап сессиясында түсіндірді.
Yahoo Finance мәліметінше, жұма күні жарияланатын жұмыс туралы есеп АҚШ экономикасының одан әрі әлсірегенін көрсетсе, бұл реттеушіні қарашадағы келесі отырыста мөлшерлемені айтарлықтай төмендету мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр етуі ықтимал.
Stifel басшысы: АҚШ қор нарығы 10%-дық түзетуге дайындалып жатыр
Stifel компаниясының қор нарығы стратегиясы бөлімінің басшысы Барри Баннистердің пікірінше, 2024 жылдың соңына қарай АҚШ-тың акциялары 10%-ға төмендеуі мүмкін деп хабарлады Business Insider. Стратегтің айтуынша, төртінші тоқсанда сақтық таныту қажет. Бұл АҚШ еңбек нарығының бәсеңдеуіне және инфляцияның нарықтар күткендегіден жоғары болуына байланысты.
Ол осы екі жағымсыз фактор S&P 500 индексінің 10%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін деп болжады. «Егер мұның бәрін қоссақ, экономика, әсіресе жұмыс орындары бойынша, баяулайды – нұсқалар көп, ал нарық қымбат. Сондықтан біз, сөзсіз, үшінші және төртінші тоқсандардың соңында сақтық танытуға шақырамыз», – деді Баннистер.
Оның пікірінше, «өсімнің баяулауынсыз мөлшерлемені 3%-дан төмен түсіруді ақтау өте қиын». Акциялардың рекордтық көрсеткіштерге жақын екенін ескерсек, инвесторлар «тым оптимистік» әрекет етуде деп санайды Баннистер. AAII-дің соңғы зерттеулеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан инвесторлардың жартысына жуығы алдағы алты айда акцияларға қатысты оптимистік көзқараста екенін айтқан.
Қытайдағы іскерлік белсенділік төмендей түсті
Қыркүйек айындағы көрсеткіштер бойынша Қытайдағы өндірістік белсенділік бесінші ай қатарынан қысқарып, қызмет көрсету секторы да айтарлықтай баяулаған. Бұл Бейжіңге 2024 жылға арналған өсу көрсеткішіне қол жеткізу үшін одан әрі ынталандырулар қажет болатынын білдіреді деп жазды Reuters.
30 қыркүйек күні жарияланған Қытайдың Ұлттық статистика бюросының (NBS) сатып алу менеджерлері индексі (PMI) тамыздағы 49,1-ден қыркүйекте 49,8-ге дейін өскеніне қарамастан, 50 балдық шектен төмен қалды. Бұл өсу мен қысқарудың айырмашылығын көрсетеді. Жеке сектордағы Caixin сауалнамасының теріс нәтижелерімен және қызмет көрсету саласындағы әлсіз PMI көрсеткіштерімен бірге бұл мәліметтер Қытайдағы өндірістік және тұтынушылық белсенділіктің алаңдаушылық тудыратынын көрсетті.
Еске сала кетейік, өткен аптада Қытай тұтынушылық сұраныс пен қаржы нарығын қолдау бойынша бірқатар шара жариялады. Алайда сарапшылардың айтуынша, саясаткерлер бұдан да көп әрекет етуі керек.
Қазір басты мәселе – Қытайдың ірі қалаларында жылжымайтын мүлікті сатып алуға қойылған шектеулер алынып тастала ма деген сұрақ. Бұл шешім экономикаға қысым жасап отырған құлдырап жатқан жылжымайтын мүлік нарығына әсер етуге тиіс. Мысалы, жексенбі күні Гуанчжоу тұрғын үй сатып алуға барлық шектеуді алып тастады. Шанхай мен Шэньчжэнь мегаполистері алдағы апталарда осындай қадам жасамақ.
Huawei өзінің жаңа ЖИ чипін сынақтан өткізуді бастады
Huawei өзінің жаңа Ascend 910C чипін тестілеу және баптау үшін Қытайдың жетекші сервер компанияларына жіберді, деп хабарлады Asia Financial. Компания оны Nvidia чиптерін пайдаланатын ірі қытайлық интернет-компанияларға ұсынып отыр.
Huawei Ascend 910C-тің Nvidia компаниясының A100 чиптерімен бәсекелесе алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ компания 910C-тің Nvidia H100-мен салыстыруға болатынын және процессорларға 2 млрд доллар көлемінде тапсырыс күтілетінін айтты.
Дегенмен, Nvidia-мен бәсекелесу үшін компания алдыңғы чиппен туындаған технологиялық мәселелерді шешуі керек. Huawei сонымен қатар жеткізілімде қиындықтарға тап болып отыр. TikTok-тың иесі ByteDance 100 мыңнан астам Ascend 910B чипіне тапсырыс берген, бірақ шілде айына дейін олардың 30 мыңға жетер-жетпесін ғана алған. Сондай-ақ Huawei процессорының есептеу қуаты Nvidia чиптеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Қытай өндірушілері Nvidia-ның Қытайдағы ЖИ нарығының шамамен 90%-ын иеленетін үлесін тартып алуға тырысып, нарыққа жаңа ұсыныстарды жылдам енгізіп жатыр. Бұл бәсекелестікті АҚШ-тың Қытайға жоғары технологиялық өнімдердің жеткізілуін шектейтін экспорттық бақылау шаралары ынталандырып отыр.