«Міндетті автосақтандыру төлемі клиенттің көңілінен шықпайды»: Сақтандырушылар автосақтандыру бойынша төлем лимитін көбейтуді ұсынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
автосақтандыру
Сақтандырушылар автосақтандыру нарығын жандандыруға ниетті / Фото: shutterstock

Қазіргі кезде міндетті автосақтандыру бойынша төленетін ақша көбіне көлік иелерінің көңілінен шықпайды. Себебі – автосақтандыру арзан болғандықтан, оған төленетін қаржы да мардымсыз. Сарапшылар сақтандыру компаниялары көлікті сақтандырудан еш пайда таппай, керісінше шығын шегетінін айтады. Осы ретте сақтандыру компаниялары үшін аталмыш өнімді не тиімді ететіні және автокөлік иелеріне қалай тартымды етуге болатын «Freedom Insurance» СК» АҚ Басқарма төрағасы Азамат Керімбаев «Орталық Азиядағы сақтандыру» XV халықаралық конференциясы аясында айтқан.

Автокөлікті міндетті сақтандыру ( КҚ АҚЖМС) – 4,5 млн-нан астам автокөлік иелерінің жаппай сатып алып жатқан сақтандыру өнімі. Келісімшарттардың көптігіне қарамастан, соңғы 20 жылда тарифтер өзгермеген. Есесіне автомобиль мен бөлшектерінің бағасы жыл сайын қымбаттап келеді. 2020 жылы, инфляция өскен сәттен бастап, АЕК (айлық есептік көрсеткіш) деңгейі көтерілген соң, сақтандыру өнімнің де шығыны өсе бастаған.

Саарапшының пікірінше, қазіргі кезде сақтандырушы компаниялар міндетті автосақтандырудан ақша таппайды, көбінесе шығынға ұшырайды.

«Егер нарық статистикасына қарастыратын болсақ, бүгінгі таңда осы өнім бойынша жылына 100 млрд теңгеден астам сыйлықақы жиналады. Бөлшек сауда нарығы шамамен 50-60 млрд теңгені құрайды. Сақтандыру төлемдерінің динамикасы өзгерді. 2007-2008 жылдары сақтандырушылар жақсы табыс тауып, сол кезеңде шығын коэффициенті орта есеппен 40%-дан аспады. Кейіннен шығын өсе бастады, өйткені 2019 жылға қарай біз жол-көлік оқиғасы кезінде денсаулық пен өмірді сақтандыруды қамтуды кеңейте бастадық», – деп түсіндірді ол.        

Оған қоса, 2021-2023 жылдары теңге құнсызданып, инфляция артуымен қатар, төлем көлемі де өскен. Осыған байланысты қазір жеке тұлғаларға төленетін төлем бойынша актуарлық залал 110%-дан асады.

«Қазір АҚЖМС сақтандыру арзан, шамамен 30-40 доллар тұрады. Сондықтан автокөлік қымбат болғанымен, оған төленетін сақтандыру көлемі аз. Ал бұл жайт автокөлік иелерінің көңілінен шықпайтыны анық. Осы ретте автосақтандыру арзан болып тұрған кезде, оған төленетін төлем де жоғары болмайтынын ескеру шарт. Сақтандырушылар бұндай ақшаны қайдан алады? Сондықтан, бұл мәселені шешудің бір жолы – жауапкершілік лимитін 600 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін арттыру деп ойлаймын», – деп атап өтті ол.  

Сарапшы қазіргі міндетті автасақтандыру клиеттердің сақтандыру компанияларды жұмысына деген сеніміне селкеу түсіреді деп пайымдайды. Өйткені міндетті сақтандырудың төлемі автокөлік иелерінің көңілінен шықпайды. Ал көлігін ерікті сақтандыратын көлік иелерінің қатары бар-жоғы 5 пайызды құрап отыр.

«Мысалы, КАСКО  (жауапкершіліктен басқа автомобильдерді кешенді сақтандыру) шарты бойынша 5 млн машинаның тек 250 000-і ғана сақтандырылған. Олардың басым бөлігі банктік кепіл кредиті ретінде берілген. Егер банктік рәсімдер шеңберіндегі полисті есептемесек, үлесі 1-2%-дан аспайды», – деп атап өтті сарапшы.   

Сол үшін Азамат Керімбаев міндетті автосақтандыру ережелерін өзгертетін уақыт жеткенін айтады.

«Ұзақ уақыт бойы АҚЖМС өнімінен табыс тапқан сақтандыру компаниялары алдағы 5 жылда өз капиталына жүктемені сезінуге мәжбүр болады.  Қазақстанда АҚЖМС дамытудың жалғыз жолы – жауапкершілік лимитін ұлғайту және есептеу әдістемесін қайта қарау. Кейбір әріптестер амортизацияны есептеуді алып тастауды ұсынады, бір жағынан бұл да дұрыс. Бірақ бұл сақтандыру төлемдерінің ұлғаюына әкелетінін түсіну керек және бұл жерде мақсатты залал бір жылға кешігіп болса да, тарифтерді бірден емес, біртіндеп арттыруға көмектеседі», – деп санайды ол.

Сақтандырушы Freedom Insurance компаниясының өзгермелі мөлшерлемелерді ыңғайлы өзгерту бойынша өз ұсыныстары бар екенін жеткізді.

«Біз еркін тарифке көшуді ұсынамыз, бірақ оны енгізбес бұрын реттеуші тарапынан дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Ең алдымен, КҚИ АҚЖМС бойынша төлем лимитін 1 000 АЕК-ке дейін ұлғайту қажет, бұл – 3 600 000 теңгеге тең. Бұл сома автомобиль апатқа ұшырағанда келген залалын жабуға көмектеседі. Екіншісі – Еуропа хаттамасы бойынша төлем лимитін 100-ден 200 АЕК-ке дейін ұлғайту.  Меніңше, Еуропалық хаттаманың болашағы зор. «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ және Freedom Insurance компаниясы биыл осы тетік бойынша өз шешімдерін іске қосты және бүгін біз осы төлем алгоритмі бойынша барлық өтінімдердің 50%-ын бірге өңдейміз. Айта кетейін, клиентер оларға риза, өйткені рәсімдеу тез өтіп жатыр және төлем үш күн ішінде түседі, ал АҚЖМС бойынша орташа төлем мерзімі – 90 күн», – деп атап өтті ол.   

Егер бұл шешімдер қабылданса, маманның пікірінше, екі кезеңде еркін тарифке ауысуға болады. Біріншісі – қазір жұмыс істеп жатқан және жылына бір рет қана қайта қаралатын реттеу коэффициентін түзету дәлізін 10%-дан кеңейту, екі жаққа да 50%-ға дейін (төмендету/көтеру).  

«Екінші кезең – ең жоғары және ең төменгі көрсеткіштермен тариф дәлізін белгілеу, бұл ретте резервтерді есептеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейтін тарифке сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ қосалқы бөлшектердің амортизациясын залал есебінен алып тастау қисынды. Осы шаралардың барлығы жүргізушіге үлкен төлем сомасын алуға, өз бюджетіне жүктемені азайтуға, сондай-ақ сақтандыру компанияларына деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады сақтандырушы. 

Қазақстанда 2024 жылдың басынан көлік құралдарын міндетті сақтандыру тарифтерін белгілеуде өңірлік түзету коэффициенттері қолданыла бастады. Реттеуші рентабельділіктің артуына байланысты нарық қатысушыларының сұраныстарын ескере келе, тарифтерді қайта қарау туралы шешім шығарды. Ал коэффициенттер енгізілгеннен кейін, көлік құралдарын міндетті сақтандырудың шығын коэффициенті жылдам өсе бастады.

Былтыр Азамат Керімбаев жаңа түзету коэффициенттері енгізілгеннен кейін, нарық 15–20%-ға «тұрақсыздануы» мүмкін деп пікір білдірді. Оның айтуынша, «реттеуші орган сақтандырушылардың 50% сақтандыру төлемдерінен пайда табуы ұнамаған».

Сондай-ақ оқыңыз