Жаңалықтар

Израиль Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» ұйымына қарсы операция бастағанын мәлімдеді

Фото: shutterstock.com

Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» тобының әскери нысандары мен инфрақұрылымына қарсы операция бастағанын ресми хабарлады. Бұл нысандар дәл шекарада орналасқандықтан, шекарада жатқан ауылдарға қауіп төндіреді деп тұжырымдайды.

«Бірнеше сағат бұрын ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі Хезболла лаңкестерінің нысандары мен инфрақұрылымына қарсы нақты барлау ақпаратына негізделген шектеулі, жергілікті және мақсатты жерүсті соққыларын бастады. Бұл нысаналар шекараға жақын ауылдарда орналасқан және Израильдің солтүстігіндегі халыққа тікелей қауіп төндіреді», – делінген IDF мәлімдемесінде.

Израиль өз әуе күштері мен артиллериясы аймақтағы әскери нысандарға дәл соққы жасап, құрлықтағы күштерге қолдау көрсетіп жатқанын айтады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 30 қыркүйек, дүйсенбі күні Израильде әскери министрлер кабинетінің отырысы өтіп, онда Хезболлаға қарсы операцияның келесі кезеңі бекітілген.

Сол күні кешке IDF Израильдің Ливанмен шекарасындағы аумақты кіруге тыйым салынған жабық әскери аймақ деп жариялады.

CNN агенттігі спутниктік суреттерге сілтеме жасай отырып, Израильдің 100-ге жуық әскери техникасы, оның ішінде танктер мен жаяу әскер көлігі Ливанмен шекараға жақын жерде шоғырланғанын хабарлады.

Израиль кеше, 30 қыркүйек күні осы жылы алғаш рет Ливан астанасы Бейруттың орталығына әуе шабуылын жасады. «Хезболла» ұйымының жетекшісі  Хасан Насралла Израиль армиясының Бейрутқа жасаған соққысынан кейін қаза тапқан.

Ал «Хезболла» жетекшісінің орынбасары Наим Кассем топтың Израиль шабуылына дайын екенін айтты. Ол ұйымның басшысы Хасан Насралла мен бірқатар жоғары лауазымды қолбасшылар қазасы ұйымға үлкен соққы болған, десе де әскери күші кеми қоймағанын жеткізген.