Жаңалықтар

Ұлттық банк қазан айында Ұлттық қордан 1,3-1,4 млрд доллар сатуды жоспарлап отыр

Ұлтты қордан
Қыркүйек айында Ұлттық қордан қанша валюта сатылды / Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк қыркүйек айында Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына тең валюта сатқан. Ал қазан айында 1,3-1,4 млрд долларға тең валюта сатуды жоспарлап отыр. Яғни сатылатын валюта көлемі 1,5 еседей артпақ. Одан түскен қаражат республикалық бюджетке құйылады.

Шілдеде Ұлттық банк Үкіметтің «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу туралы шешімі аясында Ұлттық қордағы валютаны өзінің алтын-валюта қорына айырбастаған. Сол кезден Ұлттық Банк өз валютасын біркелкі сатуды бастады. Алғашқы мәміле 20 шілдеде Ұлттық Банк пен «Самұрық-Қазына» қорының арасында жасалған. Нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіптің» 62,9% акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, 12%-ы – ҚР Қаржы министрлігіне, 24,34%-ы жеке инвесторларға тиесілі болды.

Соған сәйкес қыркүйекте Ұлттық банктің алтын-валюта резервінен 241,5 миллион доллар сатылса, қазан айына жоспар 240-260 млн АҚШ долларын құрайды.

«Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық Банк шілдеде Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтың бейтарап қағидатын сақтап, осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық Банк шілде айының ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті», – делінген ҰБ хабарламасында.

Өткен айда Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда-саттықтың 20%-ын құрап, күніне 45 млн доллар болған. Ал Қазақстан қор биржасында қыркүйектегі жалпы сауда-саттық көлемі 4,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Нәтижесінде теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 481,11 теңгеге дейін 0,1%-ға нығайды.

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40%-ға дейін жеткізу үшін 500 млн АҚШ долларына тең валюта сатып алған. Ал қазан айында бұл көрсетшкі 950 млн долларға дейін жетуі мүмкін.

Бас банк қыркүйек айында Ұлттық қордан 1,2 млрд долларға дейін валюта сатуды жоспарлаған болатын. Алайда сатылған валюта көлемі жоспардан аз.