Қазақстанда қазан айында ауа райы қалай құбылады

Жарияланды 1 Қазан 2024 12:45

(жаңартылды 1 Қазан 2024 12:45)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Қазақстанда қазан айында ауа райы қалай құбылады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда қазан айында ауа райы құбылып, елдің бірқатар өңіріне қыс келіп, өзге өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, күн бұзыла бастайды. Қазгидромет осы айға ауа райы болжамын жария етті.

Метеорологтардың ақпаратына сүйенсек, айдың бірінші онкүндігінде елдің көп бөлігінде атмосфералық фронттар ауысқандықтан жаңбыр жауып, 15-25 м/с дейін жел күшейеді. Солтүстік-шығыста, шығыста, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнгі уақытта қар аралас жаңбыр жауады. Кей күндері антициклонның әсерінен жауын-шашын тоқтауы мүмкін.

Айдың алғашқы он күнінде ауа температурасы біршама төмендейді:

  • Батыста түнде +3+12°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +18+27°С-тан +13+22°С-қа дейін;
  • Солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта, шығыста түнде 0,+8°С-тан -1-6°С-қа дейін, күндіз +17+25°С-тан +5+13°С-қа дейін.
  • Оңтүстік-батыста, оңтүстікте түнде +10+18°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +23+28°С-тан +20+25°С-қа дейін;
  • Оңтүстік-шығыста түнде +5+13°С-тан +10+15°С-қа дейін, күндіз +20+25°С-тан +15+20°С-қа дейін.

Қазанның екінші он күндігінде жылы ауа райы басталады деп болжанған. Солтүстікте ауа температурасы +10+18°С-қа дейін, оңтүстік пен батыста +20+28°С-қа дейін жылынады.

Бірнеше күн жылудан кейін екінші және үшін он күнде солтүстікте ауа райы тұрақсыз болып, солтүстікте жаңбыр, қар аралас жаңбыр, екпінді жел, көктайғақ және тұман күтіледі. Оңтүстіктежауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Жауын жауған күннің өзінде оған қар араласпайды деген болжам бар.

Айдың соңғы жиырма күнінде ауа температурасының ауытқуы болжануда:

  • Батыста түнде -2+6°С-тан 0,-8°С-қа дейін, күндіз +13+23°С-тан +3+12°С-қа дейін;
  • Солтүстік, орталық және шығыста +3+10°С-тан -1-10°С-қа дейін, күндіз +10+20°С-тан -2+5°С-қа дейін;
  • Оңтүстікте, оңтүстік-батыста және оңтүстік-шығыста түнде +3+11°С-тан -1-6°С-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +8+18°С-қа дейін.

30 қыркүйекте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталды. 1 қазаннан бастап Абай, Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында жылу беріле басталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз