Азиялық НАТО құруды қолдайтын Жапонияның жаңа премьер-министрі Сигэру Исиба кім
Жапонияның жаңа премьер-министрі болып Сигэру Исиба тағайындалды. Ол азиялық НАТО құруды және АҚШ-тың ядролық қаруын Азия-Тынық мұхиты аймағында орналастыруды қолдайтын саясаткері.
DW ақпаратына сүйенсек, Исиба саяси элитаға жататын отбасынан шыққан. Әкесі Дзиро Исиба құрылыс министрінің орынбасары, Тоттори префектурасының губернаторы және Жапония ІІМ басшысы қызметтерін атқарған.
1979 жылы Сигэру Исиба беделді Токио Кейо университетінің заң факультетін тәмамдап, Mitsui банкінде жұмыс істеген. 1981 жылы әкесі қайтыс болғанда, сол кездегі ел премьері Какуэй Танака Сигэру Исибаға әкесінің ісін жалғастыруды тапсырған. 1983 жылы Исиба Жапония либералды-демократиялық партиясына кіріп, 1986 жылы 29 жасында Парламентке сайланған ең жас депутат болған.
2000 жылы Исиба Ұлттық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары болып, Жапонияда қорғаныс реформасын жасаған шенеуніктердің біріне айналған. 2003 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ирактағы арнайы операциясы туралы шешімінен кейін жапон әскерін шетелдік операцияларға жіберуді қолдаған. 2007 жылдан бері елдің қорғаныс саласында елеулі қызметтер атқарған.
Исиба – Жапонияның АҚШ-пен әскериі келісімдерін одан әрі нығайтып, аймақта американдық ядролық қаруды орналастыру идеясын қолдайтын саясаткерлердің бірі.
2024 жылдың 30 қыркүйегінде Сигэру Исиба елде жаңа парламенттік сайлауды ертерек өткізуді қалайтынын айтқан. Кезектен тыс сайлау 27 қазанда өтуі керек.
Елдің осыған дейінгі премьері Фумио Кисида 2024 жылдың тамызында қызметінен кететінін жариялады. Ол ел үкіметін басқарған үш жыл ішінде жанжалдар, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерге қатысы бар деген күдікке де ілінген.
Осыған дейін Жапонияның Либералды-демократиялық партиясының төрағасы қызметіне күтпеген жерден Сигэру Исиба сайланған соң, трейдерлер жапондық акциялардың құлдырауын күтіп отырғанын жазған едік.