Банк пен қаржы

Қазақстан нарығына келетін шетелдік банктерге жеңілдіктер жасалмақ. Қаржы нарығын реттеу агенттігі талаптарға өзгеріс енгізбек

Агенттік қаржы нарығына жаңа шетелдік банктерді тартуды жоспарлап отыр / Архив: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдік заңды тұлғалардан талап етілетін ең төменгі рейтингке қатысты қаулыға өзгеріс енгізбек. Тиісті түзету жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Нақтырақ айтқанда, акцияларының бақылау пакеті шет мемлекетке тиесілі қаржы ұйымдары мен Қазақстанның уәкілетті реттеушісі арасында ақпарат алмасу туралы келісім болған жағдайда банктерге ұзақмерзімді несие рейтингінің ең төменгі талаптары қолданылмайды.

Осылайша, Агенттік қаржы нарығына жаңа қатысушыларды тартуды жоспарлап отыр.

Айта кететіні, қазіргі заңнамаға сәйкес заңды тұлғаның халықаралық шкала бойынша Standard & Poors рейтингтік агенттігінің «ВВ-» рейтингінен немесе рейтингтік агенттіктердің бірі берген осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтерден төмен емес шетел валютасындағы ұзақмерзімді ең төменгі кредиттік рейтингі болуы керек.

Енді қос тарап ақпарат алмасу туралы келісімге келсе, бұл талап алынады.

Бұл елге үш сенімді шетелдік банкті тарту бойынша мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында жасалып отырған қадам.

«Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қаржылай қаражат бөлуді талап етпейді», – деп хабарлады Агенттік.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы Мемлекет басшысының қыркүйектегі жолдауында Қазақстанда үш жаңа шетелдік банктің филиалдары ашу туралы тапсырма берген еді.

Бұл ретте сарапшылар Қазақстан нарығына шетелдік банктер келсе, несие беру саясаты тұтынушыларға тиімді. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне де маңызды болады деп топшылауда.

Қазір елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 11-і шетелдік банктің қатысуымен жұмыс істейді. Ал 8-і халықаралық банктің еншілес қаржы ұйымы. Экономистер, сырттан келетін үш банк кәсіпкерлікке серпін беретіне сенімді. Алайда бұған күмәнмен қарайтындар да бар.