Жаңа iPhone 16 Pro сұранысының артуына байланысты Apple акциялары 2%-ға өсті

Жарияланды 1 Қазан 2024 09:44

(жаңартылды 1 Қазан 2024 10:30)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
iPhone 16 Pro сұранысының артуына байланысты Apple акциялары 2%-ға өсті / Фото: архив: kursiv.media

30 қыркүйек күні Apple компаниясының акциялары 2%-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша мұндай өсімге iPhone 16 Pro моделіне сұраныстың артуы әсер етті.

30 қыркүйеке , дүйсенбі күнгі саудада Apple акциялары 2,29%-ға өсіп, 233 долларға жетті. Бұл көрсеткіш шілде айында тіркелген жоғары бағасына ($234,82) жақындады. JPMorgan және Morgan Stanley сарапшылары жеткізілім мерзімдеріне берген бағалар акциялардың өсуіне оң әсер етті.

Сарапшылар 30 қыркүйекте iPhone 16 және iPhone 16 Pro модельдерінің жеткізілім мерзімдері тұрақталғанын немесе артқанын айтты. Бұл банктің пікірінше, күтпеген жақсы өзгеріс. Олардың пайымдауынша, жеткізілім мерзімдерінің ұзаруы жоғары сұранысты білдіреді. Morgan Stanley бұл жағдайды iPhone 12 және iPhone 13 модельдерімен салыстырып, бұрынғы iPhone 14 және iPhone 15 модельдеріне қарағанда сұраныстың артқанын атап өтті.

Алғашқы айдағы сатылымдарға мән беру қажет пе?

Morgan Stanley сарапшысы Эрик Вудринг те алғашқы апталардағы сатылымдарға мән бермеуге кеңес берді. Оның орнына ол келесі жылы шығатын iPhone 17 моделін күту маңызды екенін айтты. Себебі сол кезде Apple Intelligence жасанды интеллект жүйесі кеңінен қолданысқа енетін болады.

«Көптеген оптимист 2026 қаржылық жылын және iPhone 17 моделін үлкен сатылым циклі ретінде қарастырады. Сол себепті iPhone 16 моделі туралы қысқа мерзімді деректердің әсері шамалы. Акция бағасының кез келген төмендеуі уақытша болады, кейінірек инвесторлар iPhone 17 және 2026 жылғы пайдаға назар аударады», — деп жазды Вудринг.

Айта кетейік, жыл басынан бері Apple акциялары шамамен 21%-ға өсті, ал соңғы 12 айда 31%-ға қымбаттады. MarketWatch деректеріне сүйенсек, iPhone өндірушісінің акцияларын бақылайтын 48 аналитиктің 32-сі оларды сатып алуға, 14-і ұстауға, ал екеуі сатуға кеңес береді. Уолл-стриттің орташа бағалауына сәйкес, акция бағасы $245,7-ке жетіп, 5,5% өсуі мүмкін.

Еске сала кетейік, 2024 жарық көрген Apple компаниясының iPhone 16 Pro және iPhone 16 Pro Max модельдері Қазақстандағы Kaspi маркетплейсінде сатылымға шықты.

Сондай-ақ оқыңыз