Қазақстан мен Ресей арасында «Риддер-Новосибирск» бағытында жолаушылар пойызы қайта қатынайтын болады
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Ресей Федерациясының Көлік министрлігімен бірлесе отырып, «Риддер-Новосибирск» халықаралық теміржол қатынасын қалпына келтіру жөнінде келісімге келді.
Министрліктің мәліметінше, пойыздар 2024 жылдың 18 желтоқсанынан бастап төрт күнде бір рет жүре бастайды.
«Новосибирск-Риддер» № 407/408 халықаралық пойызы 250 жолаушыға арналған 6 вагоннан тұрады: 3 купе және 3 плацкарт. Бұл шешім Шығыс қазақстандықтардың өтініші бойынша іске қосылып отыр.
Аталған пойыз ауа баптау және бейнебақылау жүйелерімен, биодәретханалармен, мобильді құрылғыларды қуаттандыруға арналған розеткалар мен USB порттарымен, әрбір орынға арналған жеке жарықтандырумен және басқа да қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйектен бастап Ташкент-Мәскеу бағытында жолаушылар пойызы іске қосылған еді.