Табысының 30% ғана бюджетке түседі – Аймағамбетов Астананың ақылы автотұрақтарын сынға алды
Депутат Асхат Аймағамбетов Астана қаласының ақылы автотұрақтарын сынға алды. Айтуынша, олардан түсетін табыстың тек 30%-ы ғана бюджетке түседі. Сонымен бірге депутат мұндай автотұрақтар әлеуметтік маңызы бар жерлерге қойыла бастағанын да сынаған.
«Астанадағы көптеген әлеуметтік маңызы бар жерде ақылы автотұрақтардың енгізілуі, әсіресе, Ботаникалық бақ сияқты орындарда пайда болған, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр»,- дейді депутат.
Депутат бақтың маңындағы ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленетінін, тұрақтың бір сағаттық құны 100 теңгені құрайтынын айтады. Егер жүргізуші ол жердегі белгіні немесе таңбаны байқамаса, оған 5000 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ақылы автотұрақтардан түскен айыппұл сомасы осы жылдың 9 айында 1,7 млрд теңгені құраған екен.
Десе де бұл жүйенің қаржылық бөлігіне Асхат Аймағамбетовтің көңілі толмай отыр. Айтуынша, әрбір 100 теңгенің 70%-ы тұрақтарды басқаратын жеке компанияның үлесіне тисе, 30%-ы ғана қалалық бюджетке түседі.
Осы орайда комитет депутаттары бұл монополист компанияның иелері туралы ақпарат сұратқан. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар жерлерге ақылы тұрақ қою қала тұрғындарының наразылығын тудырып жатқанын жеткізген.
«Мұндай шаралар қала халқының наразылығын тудыратыны анық. Қала бюджетіне төленетін бұл төлемдер кем дегенде 90%-ды құрауы керек. Сондай-ақ қоғамдық пайдалануға арналған орындарда тегін автотұрақтар санын көбейту керек», – дейді ол.
Еске сала кетсек, қазақстандықтар автотұрақ ақысын төлемегені үшін салынатын айыппұлға наразылық танытып, петиция жариялаған болатын. Петиция авторлары автотұрақ үшін ақы төлеу тетігі бүгінде қоғамда көптеген түсінбеушілік пен қиындық туғызып жатқанын алға тартқан. Петиция авторларының айтуынша, автотұрақ ақысын сол сәтте, я болмаса сол күні сағат 23:59-ға дейін төлемесе, әкімшілік айппұл қарастырылған. Ал айыппұл сомасы автотұрақ құнынан едәуір жоғары шығады.