Жаңалықтар

СІМ Беларусь елшісін шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген соң, Лукашенко Қазақстанға қатысты пікірін өзгертті

Лукашенко осыған дейін посткеңестік елдерді Ресейге қатысты «тұтынушылық көзқараста» деп айыптаған болатын / Фото: REUTERS/Turar Kazangapov, бильд-редактор: Артур Алескеров

Жазда Қазақстанды меңзей отырып, Ресейге қатысты «тұтынушылық көзқарасты ұқстанады» деп сынға алған Беларусь президенті Александр Лукашенко өз пікірін өзгертті. Ол енді Қазақстанды Беларусьтің маңызды әрі уақыт сынынан өткен досы деп санайды. Сонымен бірге елдің стратегиялық серіктесі және одақтасы екенін де атап өтті. Бұл жайлы Белта хабарлады.

Беларусь президенті қазір екі елдің мүдделері ортақ екенін атап өтіп, ынтымақтастықтың артқанын айтқан. Тараптардың жыл сайынғы миллиард долларлық тауар айналымы мен өнеркәсіптік кооперациядағы табысты жобалары сол серіктестіктің дәлелі болатынын мәлімдеген.

«Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығы кезінде елімізге көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін тағы да алғысын білдірді»,- деп хабарлайды агенттік.

Еске сала кетсек, тамызда Беларусь президенті Қазақстан мен басқа да посткеңестік елдерді меңзей отырып, Ресейге қатысты «тұтынушылық көзқарасты ұстанады» деп айыптаған. Лукашенко Ресей мен Беларусьтің бір қайықта отырғанын айтып: «Егер қайық аударылып кетсе, Ресей де, Беларусь те суға батып кетеді. Біз кейбір посткеңестік мемлекеттер сияқты әбігерге түсіп жатқан жоқпыз. Олар Ресейден бірдеңе алғылары келеді, бірақ орнына ештеңе бермейді»,- деген болатын.

Осыдан соң, Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь Республикасының елшісі Павел Утюпинді шақыртып, ынтымақтас ел тарапына қазіргі геосаяси жағдайға қатысты Астана ұстанымын түсіндірген болатын.

ҚР СІМ басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбіт сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өткен. Сонымен бірге еліміздің мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушілікті саяси және дипломатиялық жолдармен шешуді дұрыс санайтынын жеткізген.

«Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты Беларусь тарапын қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырамыз», – деп мәлімдеген министр.