Қырғызстан Қазақстанның көмірінен бас тартпақ

Жарияланды
Биыл Қырғызстан қазақ көмірінің көлемін 180 мың тоннаға дейін қысқартқан/фото: Shutterstock

Қырғызстан Қазақстаннан импорттайтын көмірдің көлемін елеулі түрде қысқартқан. Бұл туралы қырғыздың «Биринчи радио» арқылы Қырғызстанның энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Бішкектің жылу электр стансасында 200 мың тонна көмір бар.

«Жыл сайын көрші елдерден 550-600 мың тонна көмір сатып алып келдік. Биыл оның көлемін 180 мың тоннаға дейін қысқарттық. Жоспар бойынша Қазақстаннан қатты отын сатып алудан бас тартқымыз келеді», – деді Таалайбек Ибраев.

Өйткені, Қырғызстанның Нарын облысы Мин-Куш ауылында Ақ-Улак атты көмір кеніші бар. Бұдан кейін Бішкектің жылу электр стансалары көмірді содан алмақ.

«Бұған дейін ол жерде өндірілетін көмірдің бағасын білмей келдік. Қазір инвесторларды тартып, жылу электр стансаларында нарындық көмірді пайдаланып жатырмыз», – деді қырғыз министрі.

Қырғызстанның энергетика министрінің айтуынша, Ак-Улак көмірінің сапасы қазақстандық көмірлерден кем түспейді.

Мұның алдында Қазақстан темір жол арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Ресейге көмір тасымалдағанын, ал Қытайға көмір тасымалдау көлемі 5 есе өскенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз