2 қазанға қараған түні Иран Израиль мемлекетіне зымырандар ұшырды. Кейбір ақпарат құралдары Тегеран жүздеген зымыран атқаны туралы жазды.
Иерусалим мен Тель-Авив қалаларында жарылыстардың болғаны айтылуда.
Әлеуметтік желілерде зымырандардың Ираннан ұшып, Иорданияның үстінен асып түсіп, Израиль аумағын бомбылағаны жайында бейнежазбалар таралуда.
Тегеран «Хезболла» мен Хамас жетекшілерінің өліміне осылайша жауап бергенін мәлімдеді. Израильдің қорғаныс армиясы тұрғындарды сақ болуға шақырып жатыр.
ВВС-дің жазуынша, АҚШ президентінің әкімшілігі президент Джо Байден АҚШ әскеріне Израильге шабуылды тойтаруға көмектесуді бұйырды деп мәлімдеді. Америка Құрама Штаттары мен басқа одақтастар Израильге осы жылдың 13 сәуірінде Иранның жаппай соққысын тойтаруға көмектесті.
Осының алдында ғана АҚШ-тағы Ақ үй өкілі Иранның жақын арада Израильге баллистикалық зымыранмен шабуыл жасайтынын ескертті. Расымен де шабуыл көп ұзамай басталды.