Жаңалықтар

Әскери қақтығысқа байланысты Ливандағы отандастарымыз АЭС салу референдумына қатыса алмайды

Почему в Ливане не будут голосовать на референдуме о АЭС в Казахстане
Ел ішіндегі 541 сайлау учаскесі дауысты мерзімінен бұрын санай береді / Коллаж: kursiv.media(Аскар Ахметуллин), бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ливандағы әскери қақтығысқа байланысты, сайлау учаскесі ашылмайды. Сол себепті ол елдегі отандастарымыз 6 қазан күні АЭС құрылысы бойынша референдумға қатыса алмайды. Бұл жайында Орталық референдум комиссиясы хабарлады.

Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Қазақстан аумағынан тыс 61 мемлекетте 76 учаске құрылған.

«Алайда бүгін Сыртқы істер министрлігімен консультатция өткізіп, Ливанда бірде-бір референдум учаскесі ашылмайтыны туралы ақпарат түсті. Бұл елде кең ауқымды әскери қақтығыс жүріп жатыр. Жағдай өте ауыр, отандастарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Сондықтан 61 елде 76 учаске болады. Онда учаскелік комиссиялар құрылады және заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын болады», – деді орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.

Ал Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасының орынбасары Константин Петров ел ішінде орналасқан 10 325 сайлау учаскесінің 541-і дауыстарды мерзімінен бұрын санай алатынын айтады. Яғни, әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тергеу изоляторларында және госпитальдарда сырттан келетін сайлаушылар болмағандықтан бұл мекемелер дауыс санауға ертерек кірісе алады.

«Бұл мекемелер барлығы дауыс бергеннен кейін, дауыстарды санауды бастайды. Ондай құқыққа 539 учаске ие, өте шалғайда орналасқан екі учаске бар. Бірі Шығыс Қазақстан облысында таулы аймақта орналасқан, ол жақта жол жағдайы қиындау. Онда 60 азамат тіркелген. Екінші учаске Жетісу өңірінде. Тізімдегі барлық сайлаушылардың дауыс берген-бермегеніне қарамастан, қалған барлық сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді», – деді ол.

Бұдан бөлек, 84 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6:00 -де басталады. Олар негізінен, әскери бөлімдер мен вахталық кенттерде орналасқан. Жұмыс кестесі мен қызметтеріне байланысты бұл учаскелерде дауыс беру 2 сағат бұрын басталады.

Айта кетейік, референдумға ЕҚЫҰ-дан байқаушылар келмейді. СІМ 5 халықаралық ұйымға шақырту жіберген. Тек төрт ұйымның өкілдері келуге келісім берген. Комиссия мәліметінше барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өткен. Байқаушылар 30 шет мемлекетінен келеді.