Израиль аумағына бір күн бұрын зымыран ұшырған Иран әуе кеңістігін жапты. Сонымен қатар, Теһрандағы Имам Хомейни халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқтады. Бұл туралы Иран Азаматтық авиация ұйымының баспасөз хатшысы Джафар Язерлу мәлімдеді.
Оның айтуынша, тоқтатылған рейстер басқа уақытта ұнатын болады. Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иран Израиль қарымта соққы жасайды деп қауіптеніп отыр.
1 қазан күні Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге жүздеген баллистикалық зымыран ұшырды. Иерусалим мен Тель-Авив қалаларында жарылыс болды.
Ресми Тегеран «Хезболла» мен Хамас жетекшілерінің өліміне осылайша жауап бергенін мәлімдеді. Израильдің қорғаныс армиясы тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Иран зымыран ұшырып, Таяу Шығыстағы шиеленістің ушыға түсуі әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауына ықпал етті. Brent маркалы мұнай бағасы бірден 5 пайыз қосты. Қазір биржада Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 74,55 доллардан саудаланып жатыр.
Сонымен қатар, Техас WTI мұнайы да қымбаттады. Қараша келісімдерінің құны 4,33 пайызға өсіп, 71,12 долларды құрады.
Reuters агенттігі мұнай бағасы Иран Израильге зымыранмен шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген ақпараттан кейін көтерілгенін жазады. Агенттіктің хабарлауынша, Израильдің Ливанға бағытталған әуе шабуылдарынан кейін, Таяу Шығыста Иран мен АҚШ-ты да қамтуы мүмкін кең ауқымды қақтығыс қаупі артқан.