Қыркүйекте KASE Global секторындағы сауда көлемі 20 пайызға төмендеген
Қыркүйек айында KASE Global секторындағы сауда көлемі 20%-ға төмендеп, 2,4 млрд теңгені (4,954 млн доллар) құраған. Қазақстан қор биржасы KASE Global секторындағы бағалы қағаздармен сауда-саттық нәтижесін ұсынды.
Шілде айында 10,4 млрд теңгедан асқан сауда көлемі екінші ай қатарынан төмендеп жатыр. Салыстырар болсақ, қаңтар-маусым айларында бұл сектордағы орташа айлық сауда көлемі 1,6 млрд теңгені құраған.
Аталған кезеңде «KASE Global» секторында жалпы сомасы 1 ,9 млрд теңгеге 31 компания акциясымен 8 913 мәміле жасалған. Ал теңгеге тоғыз қордың ETF-мен 1 615 мәміле жасалды. Мәмілелер сомасы 425,7 млн теңгені құрады.
Global секторындағы сауда-саттықтың көш басында шетелдік компаниялар келеді. Бірінші орында Nvidia тұрса, екінші орынға Intel акциялары шыққан. Ал үшінші орында Occidental Petroleum келеді.
Инвесторлар арасында жиынты мәмілелер көлемі бойынша брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі басым – 32,2 %. Өзге заңды тұлғалардың үлесіне – 7,3 %, жеке тұлғалардың үлесіне – 60,5% тиесілі. Қазіргі кезде «KASE Global» секторына 55 шетелдік эмитенттің 58 бағалы қағазы, оның ішінде 46 атаудағы акциялар және 12 ETF енгізілген.