Алматы полициясы күшейтілген режим жұмысына көшті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми ақпарат көзінде хабарланды.
Жария болған ақпаратқа сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың, сондай-ақ өзге де құқықтық қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында Алматы полициясы күшейтілген қызмет режиміне ауысқан. Өзгеріске байланысты полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров Алматы гарнизонында кездесу ұйымдастырған.
«Қаладағы қоғамдық қауіпсіздіктің жағдайы жедел әрекет етулеріңізге және нәтижелі жұмысымызға тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Алматы полициясы озық материалдық-техникалық базаға ие және қылмысқа қарсы жұмыс жасап, құқықтық тәртіпті нығайту үшін қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау Ішкі істер органдарының басым міндеті екенін әрдайым есте ұстаған жөн», — деді Арыстанғани Заппаров.
Айта кетейік, қазірдің өзінде мегаполисте күн сайын 2 мыңнан астам полиция қызметкері құқықтық тәртіпті сақтайды.
Кездесу барысында Заппаров қызметте жақсы нәтиже көрсеткен полицейлерді марапаттап, 20-дан астам тәртіп сақшысына офицерлік погондарын табыс еткен.
Еске сала кетейік, 6 қазан күні Қазақстанда АЭС салуға қатысты республикалық референдум өтеді. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні қол қойған болатын. Онда АЭС салу бойынша өтетін референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылатыны айтылған.