Саябақтардың жерін жеке меншікке өткізген бір де бір әкім жауапқа тартылмады – депутат
Қазақстанда қала аумақтарындағы саябақтардың жерін жеке меншікке өткізу туралы қаулыға қол қойған бір де бір әкім жауапқа тартылмаған. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында «Курсив» тілшісіне депутат Бақытжан Базарбек айтып берді.
Депутаттың сөзінше, Алматы, Шымкент, Талдықорған өзге де қалалардағы саябақ жерлерінің жеке меншікке өтуі туралы қаулыларға сол кездегі қала әкімдері қол қойып, рұқсат берген. Алайда жерлердің заңсыз берілгені белгілі болып, мемлекетке қайтарылған тұста қаулыға қол қойған шенеуніктердің ешқайсысы жауапқа тартылмаған.
«Бұл қазіргі қоғамның әділетсіздігі. Заңсыз қаулыларға қол қойған әкімдер, әкімнің орынбасарлары, жер қатынастары басшылары, сәулет құрылыс басшылары тиісті жауапқа тартылуы керек. Бірақ олар жұмыстан кетіп қалған. Алматыдағы Бутаковка немесе ҚазҰУ жерлерінің жеке меншікке өту қаулыларына Байбек те (Бауыржан Байбек – 2015-2019 жылдары Алматы әкімі), Сағынтаев та (Бақытжан Сағынтаев – 2019-2022 жылдары Алматы әкімі) қол қойған. Шымкенттегі Кен баба саябағы мен Дендро парк жерлерін жеке меншікке өткізген әкім де (Мұрат Әйтенов – 2020-2023 жылдары Шымкент әкімі) қол қойды. Олар жауапкершілікке тартылды ма?», – деді депутат.
Мәжілісмен бұл жерлерді беделді адамдар өз меншігіне алып, тұрғын үй салуды көздегенін айтады. Дегенмен депутаттық бастамалар нәтижесінде Алматыдағы Бутаковка мен ҚазҰУ қалашығының жерлері, Шымкенттегі Дендро парк пен Кен баба саябағының жерлері, Талдықорғандағы ардагерлер саябағының жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған.
Базарбектің айтуынша, 2018 жылы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың» бір бөлігін жер қойнауын пайдалануға беру туралы норманы «Жер кодексіне» енгізген. Осының әсерінен өндіріс компаниялары табиғи аумақтар өндіріс жұмыстарын бастаған. Ал бұл сол аумақтардың флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізген. Депутат осы норманы алып тастау туралы заңға өзгерістер ұсынғанын айтады.
Айта кетейік, елімізде мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлумақсатында өтетін конкурстардың шарттары қайта қаралатын болады. Пилоттық режимде мемлекеттік жер кадастрының және техникалық зерттеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысының жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бес жыл сайын учаскені зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.