Кейінгі төрт жылда сақтандыру секторының активтері 2 есе өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті. Бұған сыйлықақылар мен инвестициялық кірістің артуы ықпал етті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 966,4 млрд теңгеге жетті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сақтандыру секторының активтері соңғы төрт жылда 2 еседен астам өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Kazakhstan Insurance Forum 2024 барысында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты.

«Көрсеткіштерге негізінен сақтандыру сыйлықақылары мен инвестициялық кірітің өсуі ықпал етті», – деді спикер.

Мария Хаджиеваның айтуынша, төрт жыл ішінде сыйлықақылар көлемі мен сақтандыру шарттарының саны да 2 есе өскен. Сыйлықақылар көлемі 966,4 млрд теңгеге жетті.

«Сақтандыру шарттарының саны 14,8 млн шартқа дейін артты. Оның 88,7%-ы жеке тұлғалармен жасалған. Шарттардың өсуі жазатайым оқиғалардан сақтандыру және өмірді сақтандыру бойынша байқалады. Бұл көрсеткіштердің оң серпіні жеңілдікті автокредиттеу және ипотекалық кредиттеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ саланы цифрландыруды дамытуға байланысты», – деп атап өтті спикер.

Айта кететіні, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторында 24 ұйым жұмыс істейді. Оның 9-ы өмірді сақтандыру қызметін ұсынады. 2024 жылғы шілдеде жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 3 317 мың шартты құрады. Бұл 2024 жылдың алдыңғы айымен салыстырғанда 58,1%-ға көп.

Активтер көлемі бойынша ең үлкен динамика СК «Еуразия» (жылына +85 млрд теңге) және Halyk-Life (+83 млрд теңге) компанияларында тіркелді. Үздік үштікте Nomad Life (+41 млрд теңге) бар. Одан кейін Freedom Life (+31 млрд теңге), «Виктория» (+26 млрд теңге), Jusan Garant (+25 млрд теңге) компаниялары тұр.

Еске сала кетсек, 2023 жылы сыйлықақылардың көлемі бойынша «Еуразия» СК (187 млрд теңге), Halyk-Life (164 млрд теңге), Nomad Life (127 млрд теңге) компаниялары көш бастады.

Сондай-ақ оқыңыз