Жаңалықтар

Алматыда сатылымға шыққан Антикор экс-басшысының зәулім үйіне қатысты тексеру басталды

Антикор экс-басшысының үйіне қатысты тексеру басталды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алматыда сатылымға шыққан Антикор экс-басшысының зәулім үйіне қатысты тексеру басталды, бұл туралы Антикордың төраға орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжіліс кулуарында айтты.

Алматының етегіндегі екі миллиард теңгеге бағаланған вилла Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агентгі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдардың отбасына тиесілі деген ақпарат таралған еді.

Антикордың төраға орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта Шабдардың меншігіне қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл іс бойынша тиісті бөлімше айналысып жатыр.

«Мұнда біз декларациялауға, сәйкесінше инвестицияға қатысты заңдық мәселелерді түсінуіміз керек. Біреудің бизнеспен айналысқаны немесе өзге табыс көздерінің бар-жоғы заң аясында қаралуы тиіс. Сонымен қатар, жеке меншік құқығын құрметтеуіміз керек. Әрине, бұл мәселе мұқият зерттелетін болады. Қазір кімнің жұмысшы болғанына қарамастан, қай жерде жұмыс істесе де, тәуелсіз бағалау беріледі», — деді Ұлан Сарқұлов Мәжіліс кулуарында.

Дегенмен, Ұлан Сарқұлов вилланың Нұрлан Шабдардың отбасына тиесілі екенін нақты растап немесе жоққа шығара алмады.

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының орынбасарының жұбайы Меруерт Қисамиева отбасының Алматыдағы Достық даңғылындағы жеке меншік үйін сатылымға шығарғаны туралы жазған едік.

Вилла элиталық Alem Luxor коттедж қалашығында орналасқан. Үйдің жалпы ауданы — мың шаршы метрден асады, ал оған іргелес жатқан жердің көлемі 22 сотықты құрайды.