Жаңалықтар

Антикор Bolashak Consulting Group компаниясының бас директорына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады

Bolashak Consulting Group басшысына қатысты Антикор пікір білдірді /

Bolashak Consulting Group компаниясының бас директорының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов растады. Аталған компания Қазақстанның мүддесін халықаралық соттарда қорғаған еді.

Сарқұлов істің құпия екенін хабарлады.

«Арбитраждық істер бойынша миллиондаған доллар шығындар ел мүддесіне шешілмей жатқандықтан, қосымша сұрақтар туындады. Қазіргі уақытта тиісті тергеулер жүргізіліп жатыр», – деді Антикор төрағасының орынбасары.

Сонымен Сарқұлов экс-Әділет министрі Марат Бекетаевқа қатысты іс пен «Болашақ» компаниясының бас директорына қатысты істің бір немесе екі түрлі екенін нақтыламады.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Ол жеке компания басшыларымен бірге аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды, алаяқтық жасады және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп күдікке ілінген еді. Шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асады. Тергеу құпиялығына байланысты қосымша ақпарат агенттік тарапынан айтылмады.

«Болашақ» консалтингтік тобы Қазақстанның мүддесін молдавиялық кәсіпкерлер Анатол мен Габриэль Статиге қатысты істе қорғаған. Компанияның Алматының экс-әкім Бауыржан Байбек және Марат Бекетаевпен байланысы бар деген ақпараттар да тараған еді.