Израиль БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке елге кіруге тыйым салды
Израиль БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке елге кіруге тыйым салды. Бұл туралы Израильдің Сыртқы істер министрі Исраэль Кац мәлімдеді.
«Иранның Израильге жасаған қатыгез шабуылын айқын айыптай алмаған адам Израиль жеріне аяқ басуға лайық емес», – деді Кац.
1 қазанда Иран Ливандағы «Хезболла» тобы мен Израиль арасындағы ұрыс-қимылдар өршуі кезінде Израильге 180-нен астам баллистикалық зымыран жібергенін мәлімдеді. Зымырандардың көп бөлігі әуеде ұсталғанымен, біразы зымыранға қарсы қорғанысты бұзып өткен.
Шабуылдан кейін Гутерриш әлеуметтік желіде Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуін айыптап, атысты тоқтатуға шақырды.
Еске сала кетейік, 1 қазан күні Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге жүздеген баллистикалық зымыран ұшырды. Иерусалим мен Тель-Авив қалаларында жарылыс болды.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы шиеліністі жағдайға байланысты Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын рейстер Ирак пен Иранның әуе кеңістігін айналып өтетін болды.