Қазақстанға қарсы сәтсіз ойын көрсеткен Эрлинг Холанд әлемдегі ең қымбат футболшы атанды

Жарияланды 2 Қазан 2024 15:42

(жаңартылды 2 Қазан 2024 15:44)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Эрлинг Холанд әлемдегі ең қымбат футболшы атанды / фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстанға қарсы сәтсіз ойын көрсеткен «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд әлемдегі ең қымбат футболшы атанды. Бұл туралы Transfermarkt хабарлады.

Transfermarkt мәліметінше, Англия премьер-лигасындағы жаңартулар аясында норвегиялық футболшының нарықтық құны 20 миллион еуроға өсіп, 200 миллион еуроны құрады. Осылайша, Холанд мадридтік «Реалдың» үштігінен – Джуд Беллингем, Винисиус Жуниор және Килиан Мбаппеден алға шықты, олардың әрқайсысының құны 180 миллион еуроға бағаланып отыр.

Футболшылардың нарықтық құн тарихында 200 миллион бағадан тек француз ойыншысы Мбаппе (2018 жылы) асқан еді.

2018 жылы Мбаппе «ПСЖ» сапында бұл бағаға жеткеннен кейін, араға алты жыл салып Эрлинг Холанд 200 миллион еуроға бағаланған екінші футболшы атанды. 24 жастағы Норвег шабуылшысы ағылшын Премьер-Лигасының алғашқы бес матчында 10 гол соғып, биылғы маусымды керемет бастады.

2022 жылы Холанд дортмундтық «Боруссиядан» «Манчестер Сити» құрамына ауысқаннан бері, 106 матчта 100 гол соғып, командасына үлкен үлес қосты.

Еске сала кетейік, әлемнің ең қымбат ойыншысы Қазақстанға қарсы ойынға Алматыға келген еді. 6 қыркүйекте Алматының орталық стадионында Қазақстан мен Норвегия арасында футболдан Ұлттар лигасы матчы 0:0 есебімен аяқталған.

Сондай-ақ оқыңыз