Lifestyle

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына қандай себептер болу мүмкін – психолог жауап берді

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына қандай себептер болу мүмкін – психолог жауап берді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы уақытта Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары жиіліп кетті. Бұған қандай себептер әсер ету мүмкін? Дағдарыс орталығының психолог маманы Кенжина Сабина Kursiv жолдаған сауалдарға жауап берді.

Психологтың айтуынша жасөспірім кезеңі – бұл физикалық, эмоционалдық және психологиялық өзгерістердің қарқынды жүретін уақыты. Жасөспірімдердің өмір сүруге құлқының болмауы әртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін, соның бірнешеуін қарастырайық.

Психикалық аурулар

Жасөспірімдер арасындағы суицидты мінез-құлықтың бір себебі психикалық аурулар болып табылады. Депрессия, мазасыздық, биполярлық бұзылыстар секілді жағдайлар өмірден түңілуге әкелуі мүмкін. Жасөспірімдер жиі эмоционалдық қиындықтармен бетпе-бет келеді және олармен қалай күресуді білмеуі мүмкін.

Стресс пен эмоционалдық қиындықтар

Жақын адамынан айырылу, отбасындағы немесе мектептегі жанжалдар, сатқындық, сондай-ақ депрессия мен фобиялар жасөспірімдерді тығырыққа тірейді. Олар көбіне күрделі сезімдерді бастан өткереді, алайда оларға қалай төтеп беру керектігін түсінбеуі ықтимал.

Экзистенциалды мәселелер

Жасөспірімдер суицид жасауы көбінесе 14–16 жас аралығында кездеседі. Бұл жаста өмірдің мағынасын жоғалтқандай сезіммен, өмір сүруге құлқының болмауымен бетпе-бет келеді. Бұл – өзін-өзі іздестіру кезеңі, ал кейбір жасөспірімдер ішкі қысымның ауыртпалығын сезінуі мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік оқшаулану, кемсітушілік, қоршағандармен қарым-қатынастағы қиындықтар жасөспірімдердің психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін.

Әлеуметтік желілер мен буллинг

Интернет пен әлеуметтік желілер буллинг пен киберқысым көрсететін ортаға айналуы мүмкін. Бұл жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауына және эмоционалдық жағдайына әсер етеді.

Ойындардың суицидке итермелейтіні рас па?

Қазіргі таңда кейбір бейнеойындар ата-аналар мен қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Мысалы, Schoolboy Runaway деп аталатын ойын жасөспірімдердің ата-аналардың бақылауынсыз үйден жасырын кету тәсілдерін зерттеуге шақырады. Виртуалды ойын болғанымен, ата-аналар үшін бұл қауіп ретінде қабылдануы мүмкін. Кейбір суицидке итермелейтін ойындар ата-аналардың назарында басты қауіпке айналды, дегенмен мұндай ойындар жасөспірімдер өмірден түңілетін жалғыз себеп емес.

Сонымен қатар, Вертер синдромы бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әдебиетте кеңінен жарияланған суицид оқиғаларынан кейінгі ұқсас жағдайлардың көбеюін сипаттайды. Бұл құбылыс келесі әсерлерді тудыруы мүмкін:

  • Дезориентация: Жасөспірімдер суицид туралы ақпаратты көргенде эмоционалды күйзеліс пен шатасуды бастан кешуі мүмкін.
  • Эмоционалдық және әлеуметтік қысым: Суицид туралы жаңалықтар жасөспірімдер арасында стрес пен мазасыздық тудыруы ықтимал.
  • Өмір салтының өзгеруі: Олар суицид туралы ақпаратқа негізделе отырып, өз өмірлерін басқаша қабылдауы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін прокуратура суицидке итермелеуі мүмкін 15 мың сайт пен сілтеменің көзін жойған еді.