Ұлттық мереке – Білім күніне орай берілген бірнеше күндік демалыста Гонконг биржасындағы Қытай акциялары қоңдана түсті.
Қоңданатындай жөні бар. Әлемдегі әрі-сәрі күйге елден ерте қамданатын Қытай билігі экономиканы ынталандыратын жаңа шаралар қабылдады. Нәтижесінде инвесторлардың қытай акцияларына деген сенімі күшейді.
Трейдерлер бағалы қағаздарды көптеп сатып ала бастаған. Екі жыл ішіндегі ең жылдам өсім де осы кезеңде тіркеліп отыр. Дегенмен, баға 13 күн қатарынан көтерілсе де, қытай акцияларының құны өзгелермен салыстырғанда әлі де арзан. Тиісінше, дәл осы фактор инвесторлардың қызығушылығын арттыра түскен.
Мәселен, Hang Seng China Enterprises индексі кейінгі екі жыл ішінде алғаш рет 8,5%-дық өсімді тіркеді. Жылжымайтын мүлік секторы да серпінді өсім көрсетіп отыр. Аталған сектордың индексі 35%-ға жақсарып, рекорд орнатты. Сол секілді технологиялық индекс те 7,6%-ға өсті. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Global X Management компаниясының инвестициялық стратегі Билли Люнның айтуынша, бұған дейін Қытайдың қор нарығына қырын қарап келген хедж-қорлар мен инвестициялық қорлар да мерекеден кейін Аспанасты елінің активтеріне ауыз сала бастады.
«Егер Бейжің тарапынан экономиканы қолдау шаралары одан әрі жалғасатын болса, нарық үш айдан жарты жылға дейін өзін сенімді сезінбек. Баға түзелсе де, ешқандай өзгеріс бола қоймас. Мен бұған сенімдімін», – дейді US Tiger Securities компаниясының акциялар жөніндегі аналитигі Бо Пей.
Айтпақшы, Қытайдың құрлық бөлігіндегі биржалар 8 қазаннан кейін іске қосылады. Бұл кезде де біршама өзгеріс болуы мүмкін, дейді сарапшылар.