«Қаулы бар да, қаржы жоқ»: депутат кей өңірлерде орманшылар жалақысы өспегенін айтты

Жарияланды
орманшылар жалақысы
Депутат орманшылар жалақысы өспегенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қаулысына қарамастан, елдің 5 облысында орманшылар жалақысы өспеген. Бұл жайлы депутат Нартай Аралбайұлы айтты.

Депутат Семей орманындағы өрт кезінде биліктің орманшыларға үлкен жалақы уәде етіп, орындамай кеткенін айтты.

«Семей орманында өрт болып, ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді»,- дейді депутат.

Бұл мәселені депутат 2023 жылдың күзінде көтерген. Онда да салалық министрліктердің өкілдері жалақы өсетініне сендірген. Алайда үкімет өз уәдесін бір жыл өткен соң ғана орындаған. 1 шілдеде Олжас Бектеновтің қаулысы шығып, орманшылардың лауазымдық жалақысы 100%-ға өскен болатын.

Ол қаулыға сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек болған. Жалақысы көтерілетін орман қызметкерінің қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары болған.

Алайда Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу облыстарында орманшылардың жалақысы көтерілмеген.

«Орманшылардың жазған арызы қолымда. Олардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ»,- дейді депутат.

Осыған орай депутат Бектеновтен бұл мәселені зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаулының толыққанды орындалуын қадағалауды, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамасыз етуді сұрады.

Айта кетейік, орманшылар жалақысының өсуіне байланысты республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге жалақы бөлінген болатын. Үкімет қаулысына сәйкес 3,3 мыңға жуық қызметкердің жалақысы көтерілуі керек болған.

Сондай-ақ оқыңыз