Перуашев бөлшек салық мөлшерлемесін 2% деңгейінде қалдыруды сұрады
Депутат Азат Перуашев бөлшек салық мөлшерлемесін 2% деңгейінде қалдыруды ұсынды. Айтуынша, мөлшерлемені осы деңгейде қалдыру елдегі орта және шағын бизнеске оң ықпал етеді.
2023 жылы «Ақ жол» партиясының бастамасымен, жергілікті маслихаттар бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға дейін төмендеген.
«Ақ жол» Демпартиясы сол жылдың сәуірінен бастап, Мәжіліс пен маслихаттардағы фракцияларымыздың бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз аймақтарында бөлшек салықты 2%-ке дейін төмендету туралы ұсыныспен 30-дан астам сауал жолдады. Біздің жарты жылдық күресіміздің нәтижесінде, Алматы қаласынан басқа, барлық дерлік аймақтарда аталмыш салық мөлшерлемесі төмендетілді»,- дейді депутат.
Алайда қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, бөлшек салықты төмендету туралы шешім тек бір жылға жарамды. Бұл уақыт өткен соң, салық мөлшерлемесі автоматты түрде 4 пайызға көтеріледі.
Сондықтан әрбір алдыңғы жыл үшін жергілікті атқарушы органдар 1 желтоқсанға дейін шешім шығаруы тиіс. Бұл салық түрінің қайтадан 4%-ға дейін өсіп кетпеуі үшін және аймақтарда шағын және орта бизнес жұмысына тиімді жағдайды сақтап қалу үшін керек. Осы орайда жауапты органдар тиісті шешім шығарып, оны белгіленген уақытқа дейін бекітуі тиіс.
«Салықты көтерілмеуі үшін үкімет, әкімдер мен жергілікті маслихаттарға, келесі 2025 жылға да бөлшек сауда салығының мөлшерлемесін 2%-ға төмендету үшін, биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін барлық аймақтарда тиісті шешім қабылдауды ұсынамыз»,- деді депутат.
Айта кетсек, Азат Перуашев жалпы шағын және орта бизнестің салық жүктемесін арттыруға қарсы. Депутат үкімет әзірлеп жатқан «Салық кодексінің» міні көп екенін, оның ұсақ кәсіпкерлікпен айналысатындарға салмақ салатынын айтып, сынаған болатын. Перуашев жаңа «Салық кодексінің» таныстырылымы кезінде ҰЭМ мен Қаржы министрлігіне орта және шағын бизнеске шүйліге бермей, ірі корпорациялардың салық жүктемесін арттыруға көңіл бөлуді ұсынды.
Ол КТС көлемін 30-35%-ға көтеріп, шағын және орта бизнестің салықтық ауыртпашылығын жеңілдету қажет деп санайды.
«Неге банктердің корпоративтік табыс салығы (КТС) небәрі 25%-ға дейін ғана? Банктер қосымша құн салығын (ҚҚС) мүлде төлемейді. Босатылған. Неге сол 12%-ды оларға КТС үстінен қосып бермеске? Мәселен, КТС-ті 30-35%-ға өсіруге болмай ма? Олар да ауыртпалықты теңдей көтеруі керек. Қарапайым халық кедейленіп, жыл сайын жағдайы нашарлап жатса, банктердің активі артып, табысы көбейіп жатыр. Салмақ барлығына теңдей түсуі керек», – деді депутат.
Сонымен бірге депутат Татьяна Савельева да орта және шағын бизнестің салық түсімдері бойынша норма асыра орындалатынын, ал ірі бизнестің түсімдері жайлы ауыз толтырып ештеңе айта алмайтынын айтқан еді.