Қазақстанда жанармай станцияларымен қатар, газ құю станцияларының саны артқан
Қазақстанда жанармай станцияларымен қатар, газ құю станцияларының саны артқан. Бір жылда газ құятын станциялардың саны 2,2 мыңнан 2,6 мыңға дейін артса, жанармай станциялары 3,1 мыңнан 3,3 мыңға артқан.
Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстанда 3,3 мыңнан астам жанармай құю станциялары жұмыс істеген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9% артық, яғни ол жылы елде 3,1 мың станция жұмыс істеген. Станциялар көп үштікке кіретін қалалар мыналар:
- Түркістан – 273 бірлік;
- Ақмола облысы – 262 бірлік;
- Жамбыл облысы – 253 бірлік.
Ал газ құю станцияларының саны 17,8%-ға артқан. Газ құю станцияларының саны бойынша да Түркістан облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде 289 бірлік газ құю станциясы бар. Одан кейінгі орында 236 юірлік газ құю станциясымен Маңғыстау облысы, 226 бірлік станцияларымен Қызылорда және Жамбыл облыстары тұр.
Газ құю бекеттері бойынша оңтүстік өңірлер алда тұрғанымен, газбен жүретін көліктері көп аймақ – Алматы қаласы саналады. Бұл шаһарда 548 мың бензинмен жүретін, 3 мың газбен жүретін көлік тіркелген.
Аралас отынмен жүретін көліктер бойынша Маңғыстау облысы топ бастайды. Бұл өңірде аралас отынмен жүретін 90 мың көлік тіркелген. Бұл жалпы Қазақстан бойынша аралас отынмен жүретін көліктер санының 22%-ын құрайды.
Еске сала кетсек, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылы Қазақстанда газбен жүретін көліктердің саны 582 мыңға жеткенін айтқан болатын. Бұл 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға артық. Сәйкесінше, сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі де артады. Осыған орай министр сұйытылған газды стратегиялық маңызы бар мұнай-химия саласының шикізаты ретінде бекітуді сұраған болатын.