Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс мұнай бағасына қалай әсер етеді?

Жарияланды
Иран Қазақстаннан бидай, металл сатып алады/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Иран мен Израиль арасындағы кикілжің ұзаққа созылмайды. Десе де, Таяу Шығыстағы ахуал мұнай бағасының көтерілуіне түрткі болуы мүмкін. Қазақстандық сарапшылар аймақтағы жағдайдың Қазақстан экономикасына ықпалы туралы осындай пікір білдірді.

Зымырандар Таяу Шығыстағы басты мұнайлы аймақтардың үстімен ұшады

Экономист Алмас Чукиннің пайымдауынша, Иран мен Израильдің ортақ шекарасы болмағандықтан, олар бірін-бірі алыстан атқылайды. Зымырандар Таяу Шығыстағы басты мұнайлы аймақтардың үстімен ұшады. Қазірдің өзінде әуе қатынасы бұзылған.

«Бұлай айту дұрыс емес шығар. Бірақ мұнай бағасы көтеріледі. Бұл Қазақстан үшін пайдалы. Өйткені, Парсы Шығанағында мұнай өндіру, тасымалдау қауіпті болады. Десе де, бұл кикілжің ұзаққа созылмайды деп ойлаймын. Әрі кетсе, бір айға созылар», – дейді Алмас Чукин.

Өйткені, бірін-бірі зымырандармен атқылаудың ешқандай маңызы жоқ. Бірақ бұл жанжал келесі кезеңге шықса, онда қауіп күшеюі ықтимал. Иран Ливанға, Хезболла мен Газа секторындағы ХАМАС ұйымдарына күшті қаруларды жеткізуі мүмкін. Егер басқа араб мемлекеттері киліксе, нағыз жанжал болмақ. Бірақ Сауд Арабиясының және басқа да араб елдерінің Иранмен қарым-қатынасы нашар.

«Сауда тұрғысынан Иран – Қазақстанның маңызды серіктесі. Иран бізден бидай, металл сатып алады. Бірақ Иран арқылы көлік қатынасы көп емес. Негізінен, көлік тораптары Каспий арқылы, Әзірбайжан арқылы өтеді. Қазақстанға ауыр әсері жоқ. Үлкен соғыс басталса да, Иран мен Қазақстан арасындағы сауда-саттыққа қатты ықпал етпейді», – дейді экономист.

Саясаттанушы Серік Белгібаев Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстанның мұнай нарығына ықпал ететін айтты. Оның пікірінше, бұл аймақтағы оқиғалар ең алдымен мұнай бағасына әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде Иранның шабуылынан кейін мұнай бағасы аздап көтерілген. Бірақ жағдай біртіндеп тұрақталып келеді.  

Үлкен соғыс болмайды

Саясаттанушы Иранның Израильге шабуылынан кейін АҚШ және басқа да елдер араласып, мұның соңы ірі қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжаммен келіспейді.

«Рас, Таяу Шығыста ұзақ уақыттан бері ахуал тұрақсыз. Бірақ бұл нұсқаға қарсы бірнеше дәйек бар. Израиль Иранның шабуылынан көп зиян шеккен жоқ. Ресми дерек бойынша, бір ғана адам қаза болған», – дейді Серік Белгібаев.  

Саясаттанушының тұжырымдауынша, Иранның Израильге елеулі зиян келтіре аларлықтай қарулары бар. Зымырандары мен дрондары жеткілікті.  

«Бірақ Иран бұған бармады. Ливандағы оқиғаларға, Хезболла басшыларын өлтіруге жауап беріп, абырой-беделін сақтау үшін ғана Израильге шабуылдағаны байқалады. Мұндай оқиға биыл көктемде қайталанды. Бұл екі оқиғаның себептері мен салдарлары да өте ұқсас», – дейді сарапшы.

Саясаттанушының пікірінше, АҚШ Израильге қолдау көрсетіп жатқанымен,  Таяу Шығыста соғыс өртінің тұтынуына мүдделі емес.

«Бүгін Ақ үйдің Израильден ахуалды ушықтырмауды сұрағаны туралы хабар тарады. Соған қарағанда, қазіргі кезеңде үлкен жанжалға айналмайды. Бұған салмақты негіз көріп отырғанымыз жоқ», – дейді саясаттанушы.

Серік Белгібаевтың айтуынша, Иран қанша мықты болса да, Израильмен тікелей жанжалдасуға әскери қуаты жетпейді. Онда Израиль қарымта қайтару үшін Иранның ядролық нысандары мен мұнай көздерін нысанаға алуы ықтимал. Иранның әуе қорғанысы мен әуе күштері әлсіз.

Сондай-ақ оқыңыз