Жаңалықтар

Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер қалай басқарылып жатыр?

Ұлан Сарқұлов Активтерді қайтару жөніндегі комитет реттеу мәселелерімен, бақылаушы орган бас прокуроратура екенін айтты/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов «Атамекен» ұлттық палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтен мемлекетке қайтарылған  7 млрд теңгенің қашан қолды болғанын айтты.  

«Бұл деректер тергелді. Сот шешімі де бар. «Атамекенді» басқарған кезде заңсыз алынған», – деді Ұлан Сарқұлов.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары «қайтарылған заңсыз активтер біреулерден алынып, басқа біреулерге беріліп жатыр», – деген тұжырыммен мүлде келіспейтінін мәлімдеді.

«Қайтарылған қаржының мектеп салуға және осы секілді басқада әлеуметтік мақсатқа жұмсалып жатқаны бұған дейін бірнеше мәрте айтылған. Қаржы министрлігінде тиісті бөлімшелер бар. Солар осы мәселелермен шұғылданып жатыр. Бұл жерде «біреуден алып, екінші біреулерге беріп жатыр» деген ой тумауы керек», – деді төраға орынбасары.

Сондай-ақ, Ұлан Сарқұлов Активтерді қайтару жөніндегі комитет реттеу мәселелерімен, қаржы министрлігі қаражат мәселесімен айналысатынын, бақылаушы орган бас прокуроратура екенін айтты.

Мұның алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Bolashak Consulting Group компаниясының бас директорының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады.