Lifestyle

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

фото: ТСМ

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және жаттықтырушылары марапатталды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 1 адам «Парасат» орденінің және 7 азамат «Құрмет» орденінің кавалері атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалі 85, ал «Шапағат» медалі 5 спортшыға берілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға әркез қолдау көрсетіп, оның маңыздылығын үнемі айрықша атап өтеді. Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға, ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода, Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы көшпелі мәдениеттің бесігі қазақ жерінен басталатынын тағы бір мәрте төрткүл дүниеге паш еттік. Ата-бабамыздан мұра болып қалған төл өнерімізді дәріптеп, дамытудың жарқын үлгісін көрсеттік. Осы орайда іс-шараның өтуіне атсалысқан барлық спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғысымды айтамын. Өздеріңіздей ұлтын сүйетін нағыз отаншыл азаматтар барда еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сенемін», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.