Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қаржы тұрақтылығын бақылау өкілеттіктерін бөлу мәселесі талқыланды
Қаржы саласында сын-қатерге тиімді әсер ету құралдарын макропруденциялық орган тікелей бақылауға алуға тиіс. Қазақстанның Қаржы тұрақтылығы жөніндегі кеңесі осындай шешімге келді.
«Кеңес отырысында макропруденциялық саясат саласындағы Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілеттіктерін бөлу тәсілдері талқыланды. Бұл ретте Халықаралық валюта қорының Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) аясында берген ұсынымдары ескерілді», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Президент тапсырмасы бойынша ақша-кредит және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жоюға арналған шаралар да пысықталды. Осы мәселе Экономикалық саясат кеңесінде кеңінен талқыланбақ.
Бұған дейін де FSAP бағалау бағдарламасының қорытындылары бойынша ұсынымдар Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Нәтижесінде 2024-2025 жылдары ұсынымдарды іске асыру жөніндегі жол картасы мақұлданды.