Жаңалықтар

Ирак, Қазақстан, Ресей қыркүйек айында өз міндеттемелерін орындады – ОПЕК+

фото: kursiv.media

2024 жылдың 2 қазанында Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 56-отырысы өтті. Комитет отырысында  шілде және тамыз айларындағы шикі мұнай өндіру мен қазіргі нарық жайы талқыланды.

Ирак Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы қыркүйек айында ұсынылған өтемақы жоспарларына сәйкес өз міндеттемелерін орындады. Үш ел келісімнің қалған мерзімінде міндеттемелерін орындауға және өтемақы төлеуге бейіл екенін растады.

«Мониторинг комитетіне қатысушылар міндеттемелер мен өтемақыларды орындаудың аса маңызды екендігін ерекше атап өтті. Мониторинг кабинеті бұрын қабылданған міндеттемелердің, соның ішінде қосымша ерікті қысқартулардың орындалуын бақылауды жалғастырады және нарықтық жағдайды тұрақты түрде бағалайды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Комитетінің келесі отырысы 2024 жылғы 1 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған.

Қыркүйек айында ОПЕК+ келісіміне сәйкес Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері мұнай көлемін ерікті қысқартуды 2 айға дейін ұзартқаны мәлім болды. ОПЕК хабарламасында Қазақстан мен Ирактың 2024 жылдың қаңтарында келісілген көлемнен мұнайды артық өндіргені айтылған. Келіссөздер барысында екі ел мұнай көлемін қысқартуға қатысты міндеттемелерін орындауға келіскен.