Lifestyle

Oskemen Open турниріне 15 елдің шахматшылары қатысады

фото: ҚШФ

2 қазанда Өскеменде басталған Oskemen Open 2024 халықаралық шахмат турнирінде 15 елдің әйгілі гроссмейстерлері мен халықаралық шеберлері бас қосты. Турнирді KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің, федерацияның бас серіктесі Freedom Holding Corp. және Shymbulak Water компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.

Алдағы 9 күннің ішінде швейцариялық жүйе бойынша өтетін 10 турда шахматшылар екі турнирде бақ сынасады: «Masters» турниріне рейтингі 1900-ден төмен емес 15 елдің 120-дан астам спортшысы және «Open» жарысына рейтингі 2100-ден аспайтын 74 ойыншы қатысады.

«Біз үлкен шахмат турнирін өткізуді Астана мен Алматы үшін ғана емес, еліміздің барлық аймақтары үшін қалыпты нәрсеге айналдыруға ұмтыламыз. Ашық турнир сериясын өткізіп жатқанымыз да сондықтан – оның сапалық құрамы ойыншыларымыздың бірегей жарысу тәжірибесіне ие болуына, сондай-ақ Қазақстан халқының шахмат спортына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Oskemen Open – осы стратегияның жүзеге асуының көрнекті мысалы. Оны өткізу федерацияның жергілікті филиалының және бизнес қоғамдастықтың қатысуының арқасында мүмкін болғаны өте қуантады», – деп атап өтті жарыстың басталу қарсаңында KazChess президенті Тимур Турлов.

Халықаралық шахмат турнирінің ашылу салтанаты Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғимаратында ұйымдастырылды, алдағы шахмат сайысы да сонда өтпек. Ашылу салтанатының құрметті қонақтары болған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Байахметов Бақытжан мен ШҚО бойынша шахмат федерациясының төрағасы, кәсіпкер Ануар Рахимов дәстүрлі бірінші жүріс рәсіміне қатысып, жарысты ашық деп жариялады.

«Masters» турниріне 20 гроссмейстер мен 29 халықаралық шебер қатысады, соның ішінде 2023 жылғы Қазақстан Кубогының жеңімпазы Мануэль Петросян (2631) мен Арам Акопян (2617) сияқты мықты  гросс (екеуі де – Армениядан), Сюй Сянюй (2621) мен Бай Цзиньши (2549) (екеуі де – Қытайдан), Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open Classic 2023 жеңімпазы болған ирандық шахматшы Бардия Данешвар (2613), Үндістан спортшысы Сетураман С.П. (2576) және Өзбекстан құрамасының ойыншысы, 2022 жылғы Олимпиада чемпионы және 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Жахонгир Вахидов (2572) бар.

Мұнда жақында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында жақсы нәтижеге жеткен еліміздің ерлер құрамасының бес ойыншысы Денис Махнёв (2537), Қазыбек Нөгербек (2534), Әлишер Сүлейменов (2520), Рамазан Жалмаханов (2488) пен Алдияр Аңсат (2456) бар. Венгрия астанасына қосалқы ойыншы әрі жаттықтырушылардың бірі ретінде барған Арыстанбек Оразаев (2474) және шілдеде Астанада өткен қатысушылар құрамы мықты болған «мастерсте» тамаша жеңіске жеткен Азамат Өтеғалиев (2418) те жарысқа қатысады.

«Masters» турнирінің кепілді жүлде қоры – 24 млн теңге, оның 5 млн теңгесін жеңімпаз алады, 15-орынға ие болған ойыншыға 400 мың, ал әйелдер арасындағы үздік нәтиже үшін 1 млн теңге берілмек.

«Open» турнирінің кепілді жүлде қоры – 4,5 млн теңге: 1-орын алған жеңімпазға – 1 млн теңге, әйелдер мен ардагерлер арасындағы үздік нәтиже үшін (1964 жылы және одан ертеректе туылғандар) – 200 мыңнан, 10 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы үздік нәтиже үшін – 150 мыңнан табыс етіледі.

Oskemen Open турнирі сонымен қатар 2024 жылғы Қазақстан Кубогының 2-кезеңі болып отырғанын атап өту керек. Бірінші кезеңі – Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open 2024 іс-шарасы мамыр айының соңында Ақтөбеде өтсе, үшінші кезеңі – Pavlodar Open 13-21 қазан аралығында Павлодарда ұйымдастырылады. Кубоктың қорытындысы қараша айынның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін финалда белгілі болады.